Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"10 миллионға жөндедім": Қарағандыда құрылысы аяқталған екі көпқабатты үй сүрілетін болды

Опубликовано:

Тұрғын үй
Тұрғын үй. Көрнекі сурет фото: pixabay.com

Қарағандыда сот шешімімен екі жаңа көпқабатты үй сүрілетін болды. Екеуі де құрылысқа қажетті құжатсыз салынғандықтан, мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасы сотқа берген. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Телеарна тілшілерінің мәліметінше, қазіргі уақытта үлескерлер заңсыз жүргізілген құрылысты дер кезінде тоқтатпаған құзырлы органдарға шүйлігіп отыр. Әбден болары болғанда далада қалайын деп тұрған жұрттың мәселесі қала билігін аяғынан тік тұрғызды.

Он қабатты үйдің құрылысы екі жыл жүрген. Осы уақыт ішінде құрылыс сәулет басқармасы сот арқылы жұмысты тоқтатуға талпынған. Бірақ оған қараған құрылысшы болмапты. Енді сот шешіміне сай бұл үй сүрілуге тиіс екен. Өйткені ешқандай тиісті техникалық және құрылыс сараптамасы жоқ. Үлескерлер бұған бақылау жүргізбеген шенеуніктерді кінәлайды.

"Бұл үйге жылу, жарық кіргізе бастады. 99 пайыз дайын үй. Содан сот басталғанда құрылыс сәулет басқармасы сүрілмейді деген. 10 миллионға жөндеу жасадым. Емшекте балам бар, кәмелетке толмаған үш балам бар. Мемлекет мұндай бассыздықты жібергізбеуі керек еді. Он қабатты үйден бір күн де пайда болмады", - дейді тұрғындардың бірі.

Көптеген тұрғын осы үйдегі пәтерлерге жиған-тергенін жұмсағанын айтады. Ал баспана салушы өзінен кінә барын жасырмайды, бірақ сот шешімімен де келіспейді.

"Біздің еш құжатымыз жоқ дегенімен келісемін. Бірақ елімізде құжаттарының бәрі түгел көптеген тұрғын үй кешені бар, бірақ олардың үйі салынбаған. Тұрғындар баспананы жылдап күтеді. Ал біздің жағдай оған қарама-қарсы, үй бар да, құжат жоқ. Қала басшылығымен бірлесіп мәселені реттейміз деп ойлаймын", - деді Т-К Bulding ЖШС директоры Абылайхан Әмірбеков.

Бизнесмен қажетті сараптамаларға тапсырыс беріп қойған. Үй сапасына күмәні жоқ. Ал мына даудан кейін әкімдіктен көмек болса, сот шешімін өзгертетініне сенімді.

"Жұмаға дейін осы мәселені шешу жөнінде құқық қорғау органдарымен кеңесеміз. Бірақ қалай болғанда да, үй салушы компания бірінші сот инстанциясының шешімі күшіне енбей тұрып апелляциялық шағым түсіріп үлгеруі қажет", - дейді Қарағанды әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин.

Журналистердің мәліметінше, осы көшеде орналасқан тағы бір су жаңа үй сот шешімімен сүрілуге тиіс екен. Онда да үлескерлер қала билігінің көмегіне үміт артып отыр.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054709-10-millionga-zondedim-qaragandyda-qurylysy-ayaqtalgan-eki-kopqabatty-ui-suriletin-boldy/

pixel