Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Атымды өзгерткім келеді": қазақстандықтар аты-жөнін қандай жағдайда өзгерте алады

Жарияланған күні:

Құжат тексеру сәті
Құжат тексеру сәті. Көрнекі фото: Robert Michael / Picture Alliance / Getty Images

Аты-жөнін кім және қандай жағдайда өзгерте алады? Бұл сұраққа Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сатхожина жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Адамның аты-жөні, тегі немесе әкесінің аты көңілінен шықпайтын жағдайлар кездесіп жатады. Мұндайда аты-жөніңді өзгертуге бола ма? Ол үшін қандай мекемеге жүгіну керек?

Департамент өкілінің сөзінше, адамның тегі, аты, әкесінің аты мына жағдайда өзгертілуі мүмкін:

  • аты, әкесінің аты, тегі жағымсыз естілген жағдайда;
  • атын, әкесінің атын, тегін айтудың қиындығы;
  • некені мемлекеттік тіркеу кезінде жұбайының тегін алғысы келсе;
  • некені бұзу кезінде тегін өзгертуге арыз бермей, уақыт өте келе некеге дейінгі тегіне қайта өтуге ниет білдірсе;
  • алдыңғы некеден балалармен ортақ текті алғысы келсе;
  • жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейінгі фамилияны алғысы келген жағдайда;
  • өтініш беруші некеге дейінгі тегінде болып, жұбайы қайтыс болғаннан кейін балаларымен бірдей фамилия алуға ниет білдіріп, фамилиясын өзгерту жөнінде шешім қабылдаса.

"Ата-анасының біреуінің (ата-анасының ұлты әр түрлі болса) өтініш беруші таңдаған ұлтына сәйкес келетін атын және тегін алып жүруге тілек білдірсе, өмірде құжаттардағы атауынан өзгеше есімді алғысы келсе, некеге тұру кезінде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алуға ниет білдірсе, тегін, аты-жөнін өзгерте алады", - дейді Зәуреш Сатхожина.

Ел тұрғындары бұдан басқа себептермен де тегін, атын, әкесінің атын өзгерте алады. Мәселен:

  • ұлттық дәстүр бойынша тегін әкесінің немесе атасының есіміне өзгерткісі келсе;
  • өтініш берушіні тәрбиелеген адамның тегіне өтуге не тегін сол адамның атына, әкесінің атына ауыстыруға тілек білдіру;
  • жынысы хирургиялық өзгерген кезде таңдалған жынысқа сәйкес келетін есімді, әкесінің атын, тегін алғысы келген жағдайда.

Атын, әкесінің атын, тегін өзгерту не түзету үшін Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға (АХАТ) өтінішпен жүгіну қажет, сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ-не өтінішті "электрондық үкімет" порталы арқылы электронды нысанда жіберуге болады.

"Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеуші органдар он алты жасқа толған, аты-жөнін ауыстырғысы келетін адамның жеке өтініші бойынша жүргізеді. Аты, әкесінің аты, тегі өзгергеннен кейін бір ай ішінде жеке куәлік пен паспортты өзгерту қажет", - деп нақтылады Әділет департаментінің өкілі.

Айта кетерлігі, өткен жылы Алматыда аты-жөнін өзгертуге 3,5 мың өтініш берілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055209-atymdy-ozgertkim-keledi-qazaqstandyqtar-aty-zonin-qandai-zagdaida-ozgerte-alady/