Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шетелдегі кәсіпкерге тиесілі: депутат "Майқайыңалтын" кенішінде болған апат мәселесін көтерді

Жарияланған күні:

"Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты кен орны
"Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты кен орны. Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында AMANAT фракциясының депутаты Амантай Жарқынбек "Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты шахтада болған апатқа қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында ол басқа да кен орындарында болған апаттарды айтып өтті.

"Жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы "Майқайыңалтын" АҚ аумағында болған апат қабырғамызды қайыстырды. Кәсіпорында қызмет атқаратын төрт бірдей азамат автобус ішінде кенет опырылған жер астына құлады. Оның екеуі мерт болса, қалған екі азаматтың тағдыры әлі беймәлім. Он күннен астам уақыт бойы іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Автобус та, екі азамат та табылған жоқ. Тәулік бойы жүріп жатқан құтқару жұмыстарына облыс әкімдігінің қызметкерлері мен басшылығы қатысып жатыр. Қажетті көмек әр отбасыға көрсетіліп жатыр", - деді Амантай Жарқынбек.

Депутаттың сөзіне сенсек, тұрғындарды автобус құлаған жердің астында бұрын шахта болғаны туралы ешкім ескертпеген, тіпті үстінен жол салып, қайғылы оқиғаға дейін қызметкерлердің пайдалануына берілген.

"Техникалық қауіпсіздік шараларына сәйкес, ол жерді қоршауға алып, тіпті қауіпті аймақ ретінде оқшаулап тастау керек еді", – дейді депутат.

Оның айтуынша, бұл - мәселенің басы ғана. Шанхай ауданында елді мекен тұрғындары да алаңдап отыр. Амантай Жарқынбек ауданның да асты шахтаға айналғанын айтты.

"Кен қазу барысында жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр жұртшылық. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ қазіргі опырылған жерден небәрі 500 метр қашықта орналасқан", – деді депутат.

Сондай-ақ Амантай Жарқынбектің айтуынша, қазіргі таңда Майқайың кентінде 10 мыңға жуық адам тұрады. Олардың негізгі табыс көзі – кен орындары. "Майқайыңалтын" акционерлік қоғамында 1 мыңнан астам жергілікті тұрғын еңбек етеді.

"Майқайыңалтын" ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері 16,7 млн тонна кен өндірген. Бұл дегеніміз - 80 тонна алтын, 1240 тонна күміс, 204 тонна мыс, 300 мың тонна мырыс, 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты "Кен байыту" ("Майқайыңалтын" кен байыту комбинаты) фабрикасында қайта өңделген. Сөйте тұра, "Майқайыңалтын" АҚ өз қаражатына кентте ешқашан үй салмаған. Балалар алаңы, спорттық не әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген", – деді AMANAT фракциясының депутаты Амантай Жарқынбек.

Амантай Жарқынбек депутаттық сауалында "Майқайыңалтын" АҚ-ның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан Rens Enterprise ЛТД компаниясына тиесілі екенін мәлімдеді. Компания басшысы – Милан Попович есімді бизнесмен.

Осыған байланысты Амантай Жарқынбек шахта маңындағы елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді әрі Қазақстанның қазба байлығын өндіріп, өңдеумен айналысатын компаниялардың жұмысын бақылауға алуды талап етті:

  • арнайы құрылған комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен, қауымдастықпен бірлесе отырып үйлестіру;
  • осы маңдағы халық орналасқан барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау;
  • шахтаның маңында орналасқан шағын аудан тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру, қажет болған жағдайда тіпті көшіру шарасын қарастыру;
  • еліміздің байлығын пайдаланып, әлеуметтік дер кезінде көрсетпей отырған барлық шетелдік компанияларға заң жүзінде қатаң шаралар қолдану;

Сонымен қатар депутат Бас прокурор Берік Асыловтан техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы салдарынан болған апатқа прокуратура әділетті баға беруін сұрады.

Карьерге құлаған автобус оқиғасы

Еске салайық, Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні Майқайың кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді. Олардың денесі жер бетіне шығарылды.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, автобуста 4 адам болған - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі.

5 қаңтарда Асайын Байханов оқиға орнынан видео жариялады.

Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады. Кейін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті автобус құлап кеткен "Майқайыңналтын" АҚ аумағында жүргізіліп жатқан іздеу-құтқару жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Кейін Павлодар облысындағы автобус құлап кеткен "Майқайыңалтын" АҚ аумағына қазуға арналған техника жеткізілгенін жазған едік.

Ал қаңтардың 15-і Павлодар облысында адамдар мінген автобустың жер астына құлаған сәті түсірілген видео пайда болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055955-seteldegi-kasipkerge-tiesili-deputat-maiqaiynaltyn-kenisinde-bolgan-apat-maselesin-koterdi/