Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ерікті түрде полицияға берілген жоқ": полиция өкілі Дәкебаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Күдіктіні қамау сәті
Күдіктіні қамау сәті. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қарағанды облысының полицейлері жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты деген күдікпен ұсталған ер адамның сөзін жоққа шығарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осыған дейін Instagram желісіндегі пабликтердің бірінде күдікті Нұрболат Дәкебаевтың видеоүндеуі жарияланған еді. Видеода ол полицияға өз еркімен берілуге бел буғанын айтып, жедел жәрдем жүргізушісі, медицина қызметкелерінен және барша қазақстандықтан кешірім сұраған болатын.

Бұл видеоға қатысты Қарағанды облысының полиция департаментінің бастығы пікір білдіріп, іс жүзінде күдікті Дәкебаев ерікті түрде полицияға берілмегенін мәлімдеді.

"Іздеуде жүрген күдікті Дәкебаев заңды және іс жүзінде ерікті түрде полицияға берілген жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қылмыс жасады деп күдікке ілінген адамның кінәсін мойындап өз еркімен келуі көзделген. Бұл жағдайда кінәсін мойындау және өз еркімен полицияға келу болған жоқ.

Криминалдық полиция қызметкерлерімен бірқатар кешенді іс-шаралар жүргізіліп, соның нәтижесінде халықаралық іздеуде жүрген Дәкебаев ұсталды.

Қылмыстық істі тергеу істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу туралы қылмыстық заңнаманың талаптарына сәйкес жүргізіледі", - дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісінің соққыға жығылуы

27 қаңтарда желіде Қарағандыда ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан сәтінен видео тараған еді. Өңірлік полиция өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жедел жәрдем қызметкеріне күш көрсеткен ер адамның анықталғанын хабарлады.

Кейін оқиғаға қатысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пікір білдіріп, зардап шегушінің жағдайын айтты.

Бұл оқиғаға қатысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та пікір білдірді.

29 қаңтарда күдіктіге іздеу жарияланғаны белгілі болды.

Сондай-ақ мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев жедел-жәрдем қызметкерін соққыға жыққан ер дамды тез арада табуды және оның сотын ашық жүргізуді талап етті.

1 ақпанда Бас прокуратура күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Кейінірек Ішкі істер министрлігі күдіктінің ұсталған сәтінен видео жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058809-oz-erkimen-policiyaga-kelu-bolgan-zoq-policiya-dakebaevtyn-ustaluyna-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel