"400 млн теңгеден аса қаржыны құмар ойынға салған": Ақтөбеде мектеп есепшісіне қатысты іс қаралып жатыр
Жарияланған күні:
Ақтөбе қалалық сотында № 55 мектептің бас есепшісіне қатысты "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабымен қылмыстық іс қайта қаралып жатыр. Күдікті өзіне тағылған кінәні мойындап, тағылған айыппен келісетінен айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Іс материалына сүйенсек, айыпталушы 2015 жылдың наурыз айында мектеп есепшісі ретінде қабылданған. Қаржылық құжаттарға қол қоюға мүмкіндігі болған.
Ол 2015 жылдың наурыз айынан 2023 жылдың наурыз айы аралығында ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Сарапшы талдауы бойынша жалпы сомасы 413 822 951 теңге шығын келтірген.
"2015 жылдың наурыз айында құмар ойынға күдікті Т. директордың ЭЦҚ-н қолдануға мүмкіндік алып, өзінің арам пиғылын іске асырмақ болады. Т. еш себепсіз өз банк есепшотына ақша аударса жазалатынын, күдік тудыратынын білді. Сондықтан ол ақшаны аз-аздан аударуды жөн санады. 2015 жылдың 30 наурызда жалақы есептеп, 60 мың теңге аударды. Кейін оны букмекерлік кеңсеге аударып, спорттық жарыстарға бәс тіккен. Т. ойын әрі қарай да іске асырады. Т. 2015 жылдың маусым-желтоқсан айлары арасында жалақы деп негізсіз 641 482 теңгені аударады. Ақшаны алып, өз мақсатына пайдаланады. 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап – 2016 жылдың 23 сәуір айы аралығында 967 789 теңге аударылды. Т. ақшаны өз мақсатына жұмсады. 2016 жылдың мамыр айында еш күдік тудырмағанын біліп алып, мектепке қажет деп қаржыландыру көлемін өсіруге сұраныс түсереді. Кейін директорға апарып, қол қойдырып алады. Сұраныс негізінде 1 млн 572 мың теңге аударылады. Т. қалалық білім бөлімі еш күдіктенбегенін анық ұғынып, жыл соңына дейін мектепті қаржыландыруды 34 893 900 теңгеге ұлғайтып алады. 2016 жылдың 18 мамыр-29 желтоқсан аралығында 4 993 636 теңге аударады", - деді прокурор Елдар Әбиев.
Іс материалында мектеп бюджетін еркін иемденген есепші 2017 жылдың 2 ақпаны мен 3 сәуірі аралығында 1 123 144 теңге аударғаны айтылады.
2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 20 348 912 теңге аударылған.
2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өзіне негізсіз 18 667 641 теңге аударады.
2019 жылы қызметкерлердің арызы бойынша 2017-2019 жылдарды тексеруге ішкі аудит келген. Құжаттарын алдын ала дайындап қойғандықтан заңбұзушылық анықталмаған.
Іс материалында көрсетілгендей, есепші заңсыз әрекеттерін әрі қарай жалғастырады. 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 35 585 340 теңге аударады. 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 83 308 319 теңге аударады. 2022 жылы өзіне тағы 158 753 205 теңгені аударады.
2022 жылы мектепке келген жаңа директор сезіктеніп, ішкі тексеру жүргізуді ұйғарады. Алайда қыркүйекте жаңа оқу жылы басталып, тексеруді кейінгі қалдырады. Т. осыны пайдаланып, 2022 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында тағы 50 187 843 теңге аударады. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 32 309 034 теңгені аударады.
Осылайша 413 млн теңгеден аса шығын келген. Есепші бюджет қаражатын толығымен ойынға салып жібергенін айтты. Сот процесі жалғасуда.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058951-400-mln-tengeden-astam-qarzyny-qumar-oiynga-salyp-zibergen-aqtobede-mektep-esepsisine-qatysty-is-qaralyp-zatyr/