Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген қаржыға 20 жаңа мектеп салынады

Опубликовано:

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы. Фото: primeminister.kz

Жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаражатқа 15 мыңға жуық оқушыға арналған 20 жаңа мектеп салынады, Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Министрліктің ресми сайтында хабарланғандай, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 15 мыңға жуық оқушыға арналған 20 жаңа мектеп салынады.

Жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаражатқа салынатын білім беру нысандарының тізімі департамент сайтында жарияланды. Оған мыналар кіреді:

  • апатты жағдайдағы мектептердің орнына 2740 орындық (екі ауысымдағы) 5 мектеп;
  • үш ауысымда оқытуды жою үшін 1200 оқушыға арналған 1 мектеп (екі ауысымдағы);
  • оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 8 976 орындық (екі ауысымдағы) 11 мектеп;
  • апатты жағдайдағы мектептің орнына 200 орындық 1 мектеп (екі ауысымдағы);
  • екі мектепке қосымша ғимараттар (акт және спорт залдары, асханалар).

Шымкентте, Жетісу өңірінде және Қызылорда облысында – 3 мектептен; Жамбыл облысында – 4 мектеп; Астана қаласы мен Алматы облысында – 2 мектептен; БҚО, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысында 1 мектептен салынбақ.

Өткен жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан 96 млрд теңгеге 76 738 оқушыға арналған 62 жоба қаржыландырылғаны хабарланды.

2023 жылы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы басталған болатын, оның аясында елімізде 369 жаңа мектеп салынады. 2023 жылы 137 мың оқушы орны бар 165 мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ 12 апатты жағдайдағы және 29 үш ауысымды мектептің мәселелері шешілді. 210 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өткен жылы облыста апатты мектептердің орнына 720 орындық екі мектептің құрылысы аяқталды. Ал Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 300 орындық түзету мектебі, 50 орындық мектеп-интернаты салынып жатыр.

Ал Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов облыста 1980 орындық 3 мектеп салынып жатқанын хабарлады. Оларды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Қостанайлықтар үшін жарқын оқиға облыс орталығындағы IQostanay оқушылар сарайының ашылуы болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059448-qazaqstanda-zemqorlardan-tarkilengen-qarzyga-20-zana-mektep-salynady/

pixel