Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балшық кешуге тура келіп тұр": Атырау көшелерін су басты (фото)

Жарияланған күні:

Атырау көшелерін су басты
Атырау көшелерін су басты. Фото: NUR.KZ/автордан

Атырауда тәулік бойы қар аралас жаңбыр жауып, салдарынан көшелерді су басты. Қаланың қақ ортасында көліктер ойыққа түсіп қиналса, тұрғындар су кешіп жүруге мәжбүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жауын-шашын "Самал" шағын ауданының тұрғындарын әбден әбігерге салды. Асфальті жоқ №25 көше ми батпаққа айналған, көлік түгіл жаяу адамның аяқ алып жүруі қиын, дейді тұрғындар.

"Осы көшеміздің жол мәселесін көтеріп жүргенімізге біраз уақыт болды. Осыдан 4 жыл бұрын үй салып, осы жерге қоныс аудардым. Содан бері асфальтсыз өмір сүріп келеміз. Қар ерісе, жаңбыр жауса балшыққа батамыз да қаламыз. Көшеге ешқандай машина кіре алмай қалады. Қаланың қақ ортасындағы көше осындай, басқасын айта алмаймын. Мәселемізді шешеміз деп әкім де, блогер де келді. Бірақ еш нәтиже шықпады. Міне, бүгінде балшық кешуге тура келіп тұр. Мұнайлы астананың сиқы осы",- дейді көше тұрғыны Жандарбек Мұратов.

Атырау көшелерін су басты
Атырау көшелерін су басты. Фото: NUR.KZ/автордан

Қалада көлік кептелістері пайда болды. Ойыққа батып қалған көліктер шыға алмай қиналған. Базарлар, сауда орындары, тұрғын үйлердің іші мен аулалар суға толып кеткен. Тротуарларды су басып, жаяу жүргіншілер су кешкен. Ашулы тұрғындар суға кеткен үйінің аулаларын, көше бойын бейнекамераға түсіріп, желіге жарыса жүктеді.

Қалалық әкімдіктің берген мәліметіне сүйенсек, жауын-шашынның мол түсуіне байланысты кешеден бастап қалалық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Осыған байланысты қала аумағында су жиналатын жерлерде суды сору және бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар 40-қа жуық арнайы техника жұмыс істеп жатқанын айтты.

"5-6 ақпан күндері жауған жауын-шашынның мөлшері бір айлық мөлшерден асып түсуіне байланысты, уақытша қолайсыздықтар туғызуда. Қаланы еріген қар және жаңбыр суынан тазарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Тазарту жұмыстарына жұмылдырылған 40-қа жуық арнайы техника, қаладағы әлеуметтік нысандардың айналасы мен ірі көлемде су жиналған көшелер бойын судан тазартып жатыр. Қазіргі таңда 2450 тонна су сорылды",- дейді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Қазіргі уақытта Атырау облысы әкімдігінің 109 бірыңғай байланыс орталығына қаланы жауын суынан тазалау өтінімімен 78 мекенжай бойынша 458 қоңырау қабылданған.

Атырау көшелерін су басты
Атырау көшелерін су басты. Фото: NUR.KZ/автордан

Жалпы Атырау қаласы маңындағы шағын аудандарды санамағанда орталық көшелердің барлығы дерлік суға толып тұр.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059535-balsyq-kesuge-tura-kelip-tur-atyrau-koselerin-su-basty-foto/