Семейде ірі сауда үйіндегі өртті сөндіруге 349 адам жұмылдырылды (видео, фото)
Жарияланған күні:
Семейде ірі сауда үйінен шыққан өртті сөндіру жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта өртті жоюға жеке құрамнан 349 адам, 47 техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Өрт сағат 11.39-да оқшауланғаны белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Абай облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық ТЖД мәліметіне сүйенсек, Засядко көшесі 65 үй мекенжайындағы өрт бойынша хабарлама 6 ақпанға қараған түні келіп түскен.
"Сағат 2:29-да оқыс оқиға орнына келген өрт сөндірушілер бірінші қабатта эскалатор маңындағы бутиктер жанып, 2 қабатқа таралғанын анықтады. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ", - дейді Абай облысы ТЖД баспасөз хатшысы.
Өрттің себебі мен алдын ала алаңы анықталуда. Өртті жоюға таңертең жеке құрамның 349 адамы, 47 техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған болатын.
Кейін өртпен күреске жеке құрамнан 388 адам, 48 бірлік техника тартылғаны айтылды. Сауда үйіндегі өрт сағат 11.39-де оқшауланды.
"Жоғары температура, үлкен өрт жүктемесі, жанғыш материалдар, ғимараттың орналасуының күрделілігі және жеке құрамның жұмысына қауіп төндіретін ғимарат шатырының құлау қаупі өрт сөндіру жұмыстарын қиындатуда", - делінген ТЖД хабарламасында.
Абай облысының ТЖД облыс тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз сақтау туралы ескертеді.
Еске салсақ, бүгін Абай облысы полиция департаменті өкілдері Семейдегі ең ірі киім базарынан өрт шыққаны туралы хабарлаған болатын. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында оқиға орнында полиция қызметкерлері де жүр.
Автор: Елжан Нұрболат
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2059356-semeide-iri-sauda-ortalygyndagy-ortti-sondiruge-349-adam-zumyldyryldy-video-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.