Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Киноға түсіп жүрген ақтөбелік кішкентай актрисаның анасы баласын жұлдыз еткісі келетіндерге кеңес берді

Опубликовано:

Аёка анасымен бірге
Орынгүл Көбейсінова және қызы Аёка. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбелік кішкентай актриса Аяна Бауыржанованы ел әлеуметтік желіден Аека деген атпен жақсы таниды. Кейін бүлдіршін түрлі фильмге түсуге шақыру ала бастады. Жуырда ғана үлкен экранға жол тартқан отандық фильмдердің бірінде бой көрсеткен Аеканың анасы KAZ.NUR.KZ тілшісіне қызының өнердегі аяқ алысы туралы сұхбат берді.

- Орынгүл ханым, қызыңыздың "Үй алам, бірақ ұялам" фильміндегі рөлі құтты болсын. Бұл фильмге шақырту алдыңыздар ма?

- Бұл екінші фильмі. Кастинг директор шақырған кезде қатты қуандық. Екі-үш күннен кейін Аека қабылданды деген жауап келді. Сол күннен бастап тынымсыз еңбек пен ізденісте болдық.

- Шатаспасам, Алматыда әзірге үйлеріңіз жоқ…

- Иә, үй мәселесі бізге де таныс. Алматыдан пәтер алу біздің де жоспарымызда бар. Бірақ тура кинодағы тәсілмен үй алуға ниетіміз жоқ.

- Қызыңыз Аека өзінің пысықтығымен ел назарында жүр. Instagram желісінде де өте белсенді. Сабақ, түсірілім, жарнамалар бар. Қызыңыз шаршап қалады деп ойламайсыз ба?

- Негізгі фокус - сабақта. Жарнамаларды айына бір-екі рет алуға тырысамыз. Түсірілімдер болса да сараптап барамыз. Бәріне үлгеруге тырысып жүрміз.

- Қазір Аека жекеменшік мектепке ауысқан екен. Неліктен мемлекеттік емес, жеке білім ордасын таңдадыңыздар?

- Ақтөбе қаласында балаларым мемлекеттік мектепке барды. Ал қазір жеке мектепке берудемін. Бірінші кезекте баламның қауіпсіздігін ойладым. Үлкен сыныптың балалары Аеканы танып, суретке, видеоға түсіріп мазалауы мүмкін деген ой болды. Жеке мектепте қатаң бақылауда болады. Одан бөлек қосымша үйірмелері мен сабақтары да ішінде болуы өте тиімді.

- "Менің де балам жұлдыз болсыншы" деп жүрген аналарға не айтар едіңіз?

- Баланың қабылетін шыңдау - ата-ананың міндеті. Бірінші кезекте баланы өзгемен салыстырмау қажет. Баланың қабілетін дамыту керек. Бәрі әнші, сенде әнші бол деп сүйрей бермеуі керек. Бәлкім сіздің балаңыз жақсы суретші немесе технолог шығар. Соған сай дамыту керек. Тағы бір дүние - баланы кішкентайынан еңбекке, төзімділік пен сабырға үйрету қажет.

- Кішкентайынан баланы тойға, түсірілімдерге апарып, шаршағанына қарамастан еңбекке салу бала құқығын бұзу болып саналады екен. Сіздің пікіріңіз қандай?

- Аека - ақша көзі емес. Бірінші кезекте ол - менің балапаным. Мен ана ретінде қызымның бар жағдайын жасауға тырысамын. Егер түсірілім кезінде қызымның шаршағанын байқасам үзіліс аламыз. Мүмкіндігінше түсірілімге күндізгі уақытта қатысуға тырысамыз. Сағаттап телефон шұқылап отырғанша, жаңа бағытта бала өзін байқап көргені дұрыс деп ойлаймын.

- Айтпақшы, жер сілкінісі кезінде уайымдап, қаланың сыртына кеткен едіңіздер..

Алматы өте қатты ұнады. Бірақ кешегі жер сілкінісінен соң Ақтөбеге қайта көшкіміз келіп кетті. Балалар үшін уайымдап, қорқақтап қалдық. Біз 12 қабатта тұрамыз. Бұл жақта ешқандай туыстарымыз жоқ. Біраз уақыт далада жүріп, балалар тоңып қалды. Баратын жеріміз болмаған соң парақшамыздан жер үйі бар оқырмандарды іздедік. Аеканың оқырманы - бір мейірімді жанның үйіне барып, қонып, ойымызды жинап қайттық.

- Сұхбат беруге алтын уақытыңызды бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060993-kinoga-tusip-zurgen-aqtobelik-kiskentai-aktrisanyn-anasy-balasyn-zuldyz-etkisi-keletinderge-kenes-berdi/

pixel