Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешқандай көмек жоқ": үйін су басқан Атырау тұрғындары төтенше жағдай жариялауды талап етті

Жарияланған күні:

Су басқан аудандар
Су басқан аудандар. Видеодн кадр: КТК

Атырау тұрғындары төтенше жағдай жариялауды талап етіп жатыр. Баспанасын су басқан жұрт облыс әкімдігіне келіп көмек сұрады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, соңғы он күннен бері жауын-шашын түсуі салдарынан қала халқы әбігерге түсіп жатыр. Бірнеше ықшамауданды суға басқан. "Үйлер құлап жатса да еш көмек жоқ", дейді тұрғындар.

"Қазіргі жағдайымыз тіпті қиын. Мінекей, үлкен кісі, ақсақал, бұл кісінің щаңырағының қалай суға кетіп жатқанын мына жердегілер көрді. Бірақ ешқандай көмек жоқ. Қаншама үй құлап жатыр. Мына жерде жігіттер су кешіп жүр. Бірақ нәтиже жоқ", - деді Жаңбырбай Жұмашов.

Наразы тұрғындар облыс әкімінің ел алдына шығып төтенше жағдай жариялауын талап еткен. Серік Шәпкеновтың өзі шықпады. Ал оның орынбасары мен әкімдіктің басқа қызметкерлеріне ашулы жұрт құлақ аспаған.

Қазір Атырауда Жұлдыз, Өркен, Мирас, Балауса және басқа да бірнеше ықшамаудан халқы жауын-шашын зардабын тартып отыр. Бірнеше күннен бері ауласындағы қар суымен өз бетінше арпалысып жүрген Марат Тақановтың таңертең гаражы мен жазғы үйінің қабырғасы опырылып құлаған.

"Міне, уақытша тұрағымыз да құлап қалды. Таңда құлады, міне. Осылай суға кетіп жатырмыз. Ешқандай көмек жоқ. Кеше су таситын көлік келеді деді, таңертең келді", - дейді Марат Тақанов.

Көл-көсір болған судан баспанасына кіріп-шыға алмай қалған тұрғындар үйін тастап көшіп жатыр. Суды өз бетінше сорғызғанымен, сәлден соң дәл осы қалыпқа қайта түседі дейді. Қала әкімі қызыл судың бұлай жиналуын арық жүйесінің жоқтығымен түсіндірді. Дегенмен қазір ірі компаниялардан және Орал қаласынан техника сұратып жатыр екен.

"Кәріз насос станциясы жоқ, жаңбыр суын жүйелі түрде қаланың сыртына шығарып жіберетін станция жасалмаған. Жерге сіңбей жатыр. Суды бір мезетте шығарып тастау мүмкін емес. Ол неше күн алатынын сұрасаңыз, қазір жауап бере алмаймын", - дейді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин.

Осылайша жергілікті билік қаланың судан қашан толық сорғызылатынын ашып айта алмады. Жағдай толыққанды тексерілмейінше, төтенше жағдай да жарияланбайды деді шенеуніктер.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061057-esqandai-komek-zoq-uiin-su-basqan-atyrau-turgyndary-totense-zagdai-zariyalaudy-talap-etti/