Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өздері ұсыныс білдірді": Атырауда мектеп қызметшілері ауладағы еріген қар суын шелекпен шығарған (видео)

Опубликовано:

мектеп ауласы
Мектеп ауласы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атыраудағы №37 орта мектептің ауласына толған қар суын шелектеп тасып жүрген мектеп қызметшілері видеоға түсіп қалды. Орта жастан асқан кісілердің ауланы еңкейіп лай судан тазартып жүргені желі қолданушыларының ызасын келтірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұрсая шағынауданында орналасқан Салық Зиманов атындағы №37 орта мектептің ауласы көлге айналған. Оқушылар мектепке жеткенше су кешіп баруға мәжбүр.

"Мектептің ауласы көл-дария. Өтетін жер жоқ. Немеремді мектепке кіргізгенше етігінің ішіне су кіріп үлгеріп, шұлығын сығып бердім. Ең болмаса мектептің ауласын судан тазартып қойса қайтеді, балаларға обал", - дейді немересін сабаққа ертіп келген қария.

Кейін әлеуметтік желіде орта жастан асқан әйелдердің мектеп ауласындағы суды шелекпен шығарып жүрген сәті әлеуметтік желіде таралып, қызу талқыға түсті.

"Тапқан екен ең жас адамды, масқара", "Директордың өзіне осылай тасытып қойса ғой", "Жаңа Қазақстанға қош келдік!", "Бір вакуум табылмады ма екен?", "Нанотехнология", - деп жазды желіде Атырау тұрғындары.

мектеп ауласы
Мектеп ауласы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атырау облыстық білім беру басқармасындағылар бұл жағдай бойынша пікір білдірді. Айтуынша, мектеп вахташылары "суды тазалайық" деп өздері ұсыныс білдірген.

"Қазіргі кезде вакуумдер қала ішіндегі суды тазартып үлгермей жатыр. Сондықтан мектеп қызметкерлері ауланы судан тазартуға өздері ұсыныс берген. Дегенмен олардың еңбектері елеусіз қалмайды. Еңбекақыларына қосымша үстемақы қосылады", - деп жауап берді Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, Атырауда қар еріп, оған қоса мөлшерден тыс жаңбыр жауып, нәтижесінде қала көшелерін су алды. Қала сыртындағы жер үйлерді, мемлекеттік мекемелердің айналасын су басқан. Қала әкімдігі еріген қар суынан тазарту жұмыстарына 50-ге жуық вакуум техникасы жұмылдырылғанын, алайда олар үлгермей жатқанын айтады.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061159-ozderi-usynys-bildirdi-atyrauda-mektep-qyzmetsileri-auladagy-erigen-qar-suyn-selekpen-sygargan-video/

pixel