"Айдалада жертөлені паналаған": Шардара ауданында су жағасынан табылған әйелдің кім екені анықталып жатыр
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Шардара ауданынан үйсіз-күйсіз жүрген кейуана табылды. Құзырлы органдар Шардара су қоймасына жақын маңда жыңғыл арасын паналаған егде жастағы әйелдің жеке бас мәліметін анықтап жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылы маңында 1 ақпан күні дала кезген егде тартқан әйел табылды. Қақаған қыста кейуана жертөлені паналаған. Тілінің мүкістігінен өзі туралы жөнді мәлімет айта алмаған. Әйел жергілікті тұрғындарға Шардара жаққа Якутиядан ауып келдім десе, тағы біреуге Қарақалпақстан жақтан келдім деген.
Әйелдің тұрған жерін әлеуметтік желі қолданушысы видеоға түсіріп алған.
"Біз "көрде" тұратын бір апаға келдік. Шардарадан 17 км жерде, айдалада жыңғылдың арасында, судың жағасында тұрады. Ол кісінің үйін көрсеңіздер... Көрде тұрады. Кім болса да адам ғой. Жатқан жері мынау. Бірінші үйі. Ал кеше біреулер былай етіп үй жасап беріпті. Бізге ақпарат түнде келді. Түнімен ұйықтай алмадық. Далада -5 градус. Осы апамызға көмек керек. Қазір 102, 103 нөмірлеріне хабарласамыз", - дейді видеодағы ер адам.
Шардарадан 17 шақырым жердегі көл маңында күнелткен әйелді жергілікті полиция анықтап, Шымкент қаласындағы оңалту орталығына жеткізген.
"Бұл адамның тұрған жері жергілікті полиция арқылы Шардара ауданына қарасты Жаушықұм ауылының маңынан 1 ақпанда анықталған. Әйелдің сөйлеу қабілеті нашар болғандықтан аты-жөнін анықтау қиындық туғызған. Сәйкесінше, табылған күннен бастап жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізу мақсатында Шымкент қаласындағы оңалту орталығына жеткізілген. Оңалту орталығында тиісті жұмыстар жүргізілуде", - дейді Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.
Қазіргі таңда "Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу" орталығы өкілдері адасып жүрген әйелдің жеке тұлғасы анықталып жатқанын растады. Әйел өзін орталық қызметкерлеріне Дин Дендия деп таныстырған. Өзінің айтуы бойынша 1955 жылы туған.
Әйелдің денсаулық жағдайы туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметінен белгілі болды.
"Дин Дендияның (туған күні - 26.02.1955) есту қабілеті нашар, дұрыс сөйлей алмайды, ақыл- есінде ауытқушылық бар. Өзіне қойылған сұрақтарға жазу арқылы түсініксіз жауап береді", - дейді олар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061961-aidalada-zertoleni-panalagan-sardara-audanynda-kol-zagasynan-tabylgan-aieldin-kim-ekeni-anyqtalyp-zatyr/