Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәжіліс депутаты "Ұлттық киім" күнін бекітуді ұсынды

Опубликовано:

наурыз мерекесі
Ұлттық киім киген қыздар. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Депутат Дәулет Мұқаев мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп, халықаралық түрлі жарыстарға (ғылыми олимпиада, спорт) баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу керектігін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ мәжілістің жалпы отырысына сілтеме жасап хабарлайды.

Депутаттың сөзінше, елде ұлттық киімді насихаттау тек бір реттік челлендждер мен акциялармен ғана ұлықталуда.

"Соңғы уақытта жалпы халық арасында "Ұлттық сезім" жалпыұлттық акциясы басталып, ел арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Акцияны зиялы қауым өкілдері, журналистер мен блогерлер, оқу ордалары қолдап, аптаның әр жұмасында ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргендер қатары көбейді. Осы акцияны бастаған азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. "Ұлттық киімдерді тек наурызда ғана емес, жай күндері де жиі киіп жүруіміз керек" - деп президентіміз де үндеу тастаған еді", - деді Мұқаев.

Ол алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет екенін айтты. Депутаттың айтуынша, қырғыз халқы 5 наурызды - "Айыр қалпақ күні" деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген. Дәулет Мұқаев үкіметке мына шараларды қолға алуды ұсынды.

"Біріншіден, ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде "Ұлттық киім" күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу.

Үшіншіден, Ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру. Халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру;

Төртіншіден, мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу, әрі халықаралық түрлі жарыстарға (ғылыми олимпиада, спорт) баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу", - деген ұсынысын айтты депутта.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062212-mazilis-deputaty-ulttyq-kiim-kunin-bekitudi-usyndy/

pixel