Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"18 бала өмірге әкелген құрдасымыз болды": 100-ге жуық "батыр ана" шыққан ауыл жайлы не білеміз (видео)

Опубликовано:

"Батыр аналар" ансамблі
"Батыр аналар" ансамблі. Видеодан кадр: 24.kz

Қызылорда облысындағы Еңбек елдімекені ел арасында "Батыр аналар ауылы" деп аталып кеткен. Себебі кішкентай ауылда 100-ге жуық батыр ана бар, деп хабарлайды 24.KZ арнасы.

Телеарна мәліметінше, ауылдағы алтын құрсақты аналардың арасында 41 "Алтын алқа", 54 "Күміс алқа" иегері бар. 11 баланың анасы, сексеннің сеңгіріне шыққан Тазагүл Қазыбекова мәдениет үйіндегі орталықта ауыл балаларын қолөнерге баулып жүр. Шөбересіндей қыздарға тоқыма тоқудың қыр-сырын үйретуден жалықпайды. Оның сөзінше, ұрпақтар сабақтастығының арқасында ауылда қол қусырып, жерге қарап отырған жан жоқ.

"18 бала өмірге әкелген Патима, Сабыт деген құрдасымыз болды. Олардың барлығы азамат болып, алды зайнетке шығып отыр. Одан кейінгі батыр аналардың өзі де ең кемі тоғыз бала дүниеге әкелген. Барлығыда үлкен азамат болып, елге пайдаларын тигізіп, ұрпақтарын жалғастырып, шүкір Аллаға, әрі қарай жалғастырып жатыр ғой", - дейді алтын құрсақты ана Тазагүл Қазыбекова.

Батыр аналардың ізін жалғаған Айнұр Доспенбетова да құрақ құраудың шеберіне айналған. Көп балалы ананың айтуынша, мемлекеттен берілген 1 миллион теңге қайтарымсыз қаржыға кәсіп бастап, алты баласының нәпақасын тауып отыр.

"Ұршық иіруді үйрендік, жүн түтуді үйрендік. Бәрін үйреніп келе жатырмыз осы кісілердің арқасында. Құрақ тігем, көрпешені де тігемін, перде тігіп беремін. Бесіктің жасауын тігемін", -, -дейді "Күміс алқа" иегері Айнұр Доспенбетова.

Алтын құрсақты аналары көп ауылда 35 жыл бұрын "Батыр аналар" ансамблі құрылған. Содан бері бұл шығармашылық ұжымда үшінші буын алмасқан. 

"Трио, квартет болып өлең айтады, домбырамен айтады, гитарамен айтады қыздарым. Жеке ән орындаймыз, екі дауыста айтамыз, хормен айтамыз. Енді үлкен батыр аналардан көрген жұмысымызды жалғастырып жатырмыз", - деді "Батыр аналар" ансамблінің жетекшісі Алтын Мамадалиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063102-18-bala-omirge-akelgen-qurdasymyz-boldy-100-ge-zuyq-batyr-ana-syqqan-auyl-zaily-ne-bilemiz-video/

pixel