Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үйде мүлде жылу жоқ": Алматы облысының тұрғындары көгілдір отын болса да, көмір жағып күнелтуге мәжбүр

Опубликовано:

Газ
Газ құбыры. Көрнекі фото: Gov.kz

Алматы облысы Қараой ауылының тұрғындары көгілдір отынның сапасы мен газ қысымының тұрақсыздығына шағымданып отыр. Үйінде бүрсең қағып отырған халықтың мәселесін мердігер компания мен жергілікті билік өкілдері шешуге асығар емес, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, Қараой ауылына газ тартылғанымен, тұрғындардың күні көмірге қарап отыр. Өйткені көгілдір отынның қуаты үй жылытпақ түгіл, шайнек қайнатуға әзер жететін көрінеді.

"Биыл газдың сапасы нашар. Шай 10 минутта қайнайды. Үйде мүлде жылу жоқ", - деді Қараой ауылының тұрғыны Құралай Тырнабаева.

Газ қысымының тұрақсыздығынан халық тонналап көмір алып, токпен жылытатын пешін жаңартып, ескісін жөндеуге қыруар қаражат жұмсайды екен.

"Қайта-қайта өшіргеннен пешіміз істемей қалды. Жөндетіп шаршадық. Қыруар ақшамыз кетті. Мен сияқты осындай күйде қаншама адам отыр", - дейді Тұрдығазы Мұхамеджанов.

Телеарна ақпаратынша, жергілікті билік өкілдері жылудан тарыққан жұрттың жанайқайын тыңдауға барғанымен, мардымды жауап айта қоймаған. Олар "біздің әкімдікте жылу бар, мәселе тек 50 үйде шығар, оны зерттеу керек" деп шағымды мердігер қомпанияға ысырған.

"Қосымша газ құбырын тартқандықтан, қысым жеткіліксіз болып тұрған шығар. Мүмкін барлық үйде емес, кейбіреуінде болар. Оларды аралап тексеріп көру керек", - деді Қараой ауылдық округінің әкімі Қайрат Ортыбаев.

Газ мәселесі бойынша өткен жиынға "АлматыГазСервис-Холдинг" компаниясының өкілдері бармаған. Күні бойы хабарласқан тілшілерге тек кешке жауап қайтарған.

"Пешіңіз жанып тұр, тағы қандай мәселе мазалап тұр?" десек, "Менің үйім жылымайды" дейді. Енді үйдің жылымауына бірнеше себеп бар ғой", - деді "АлматыГазСервис- Холдинг" АҚ қызметкері Ерлан Тойжан. 

Қараой тұрғындары бұқара мен билік өкілдерінен араша сұрап, мәселенің тез арада шешілуін талап етіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063175-uide-mulde-zylu-zoq-almaty-oblysynyn-turgyndary-kogildir-otyn-bolsa-da-komir-zagyp-kuneltuge-mazbur/

pixel