Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Барлығы сүріледі": Семейде саяжай тұрғындары қаланың талқылаудағы бас жоспарына қарсы шықты

Опубликовано:

саяжай тұрығндары
Саяжай тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Семейде шаһардың бас жоспары жұрттың наразылығын туғызды. Жоспар бойынша алдағы 15 жылда қаладағы саяжайлар сүріліп, орнына көпқабатты үйлер бой көтеруге тиіс, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілішісі.

Бұл шешімге саяжай тұрғындары түбегейлі қарсы. Ал қаланың жаңадан әзірленген бас жоспарына сәйкес, Шығыс пен Бобровка кенті көркейуі керек. Саяжайлар жаппай сүріліп, оның орнына қала сыртына өтетін жолмен қатар зәулім үйлер бой көтереді. Алайда бағбандық жерге несие алып, баспана тұрғызғандар үйлерінің тым арзанға бағаланатынын айтып зар қағуда.

"Неге далада қалу керекпіз? Өз пайдаларына деп ойлаймын. Шырылдатпасын бізді. Олардың берген 3-5 млн теңгесіне не аламыз? Қазір саяжайдағы жер телімдерінің өзі 2-3 млн теңге тұрады. Сонда қайда барамыз?", - дейді Шығыс саяжайының тұрғыны Алма Ақмадиева.

Астанадан келген мамандар саяжай жұртын сабырға шақырып, жаңа бас жоспармен таныстырды. Олардың айтуынша, 2040 жылға дейін көне қала көркейеді.

"Семей қаласының 2040 жылға дейін бас жоспары әзірленді. Қазіргі таңда халық пен бірге қоғамдық талқылау өтіп жатыр. Саяжайлар бойынша ең үлкен өзгеріс Бобровка, Восточный, сол және оң жақ саяжайларда болады. Саяжайдың барлығы сүріледі. Оның орнына бес және тоғыз қабат аралығында тұрғын үйлер салынады", - деді "Астана Бас жоспары" ғылыми-зерттеу жобалық институтының маманы Гүлден Ортай.

Әкімдік қыркүйек айында саяжайларды заңдастыруды тоқтатып тастаған еді. Енді жұрттың наразылығынан кейін салынған баспаналарды қайта заңдастыруға рұқсат беріп отыр. Ал олар саяжайға елді мекен статусын беру талапқа сай келмейтінін алға тартуда.

"Заң бойынша егер біз оны елді мекен қылсақ сіздер үйлерді бірінің жанына бірін салып тастағансыздар. Ал норма бойынша жол шашамен 6 метр емес 15 метр болу керек. Қазір біз ондай қылып жасасақ ортадағы үйлерді сүріп тастаймыз",- дейді Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

Кеңестік дәуірден қалған Бобровка, Мирный, Мұрат және Шығыс кентіне қарасты саяжайдың барлығына ел қоныстанып алған. Тұрғындардың жүргізген есебі бойынша, шамамен саяжайларда 30 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Тіпті бағбандық жерге білім ошақтары мен мешіттерде салынған екен. Ал баспаналардың сүрілуі алдағы уақыттың еңшісінде қалды. Себебі бас жоспар әлі толық бекітілмеген.

Автор: Елжан Нұрболат

Семей қаласының бас жоспары
Бас жоспар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063320-barlygy-suriledi-semeide-sayazai-turgyndary-qalanyn-talqylaudagy-bas-zosparyna-qarsy-syqty/

pixel