Атырауда мемлекеттік бағдарламамен мектеп салып жатқандар жыл басынан бері жалақы алмаған
Жарияланған күні:
Атырауда мемлекеттік бағдарлама бойынша мектеп салып жатқан құрылысшылар шу шығарды. Себебі жұмысшыларға жыл басынан бері жалақы төленбеген, деп хабарлайды КТК арнасы.
КТК арнасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі он екі "Жайлы мектептің" құрылысына "Самұрық Қазына" қоры 40 млрд теңгеден астам ақша бөлген. Алайда құрылысқа жауапты мердігер жалақы төлейтін қаржының жоқ екенін айтқан.
Жұмысшылардың мәліметінше, олар екі айдан бері жалақысыз жүр.
"Мектеп салып жатырмыз. Жұмысшымыз. Өз ақшамызға келіп тұрмыз. Бала-шағамыз бар. Масқара ғой, мынау! Бір айдың ақшасын толық төлемей, жүргізушілерге жүз мың теңгеден, елу мың теңгеден береді. Ал бізге кейін береміз дейді, болды", - деді Сағат есімді жұмысшы.
Ал тағы бір жұмысшының айтуынша, зейнетақы мен өзге әлеуметтік аударымдар атымен жоқ.
"Мына жерде тұрған кісілердің ешқайсысы ақшасын ала алмай жүр. Зейнетақы қорына аударым жоқ, сақтандыру да жоқ. Еңбек инспекциясы жазғанмен, бұларға бәрібір. Мен кеше еңбек инспекциясына "Барамын, жазамын"десем, "Маған келіп жазып жатқан адам толып жүр" дейді", - деді Азамат есімді жұмысшы.
Арна мәліметіне сүйенсек, мердігер компания басты мамандарға айлықты уақтылы береді. Ал қарапайым жұмысшыларды сандалтып қояды. Үкіметтің тапсырмасымен "ұлттық жоба" деп жар салған ауқымды құрылыстың Атырау облысындағы он екі мектебіне "Самұрық Қазына" 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Оның алтауы - қаладан, алтауы - аудандарда салынып жатыр. Құрылысқа жауапты "Каспийская кадровая ассоциация" серіктестігінің басшылары жұмысшылардың еңбекақысын уақтылы төлеуге қаражат тапшы дейді.
"Қазір бізде қаражат тапшы болып тұр. Мына салып жатқан мектеп бойынша биылға әлі аванс түскен жоқ. Сол мәселе болып тұр", - деді "Каспийская кадровая ассоциация" ЖШС директоры Еркінбек Нүсіпов.
Арна мәліметіне сүйенсек, "Самұрық Қазынаның" Атыраудағы өкілдері өткен жылы құрылыс компаниясына 7 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтқан. Сондықтан мердігердің "Қаржы жоқ деуі негізсіз" екенін мәлім еткен.
"Оны қазір анықтаймыз. Өйткені жаңа ғана естіп отырмыз ғой. Басшылыққа да айтылды. Ал жалпы біз былтыр 50 пайыз аванс бердік. Осы уақытқа дейін істеліп жатқан құрылысқа ол ақша жеткілікті", - деді "Самұрық Қазына" АҚ Атырау облысындағы өңір басшысы Азамат Адамов.
КТК арнасының мәліметінше, еңбек инспекциясы аталмыш компания жұмысшыларынан арыз-шағым көп түсетінін айтқан. Бұған дейін де 25 адам арыз жазып, жұмыс берушіге айыппұл да салынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063595-atyrauda-memlekettik-bagdarlamamen-mektep-salyp-zatqandar-zyl-basynan-beri-zalaqy-almagan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.