Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кабинетте отырмай, сыртқа шығыңыздар": Ақтөбе облысының әкімі шенеуніктерге тапсырма берді

Опубликовано:

Асхат Шахаров
Асхат Шахаров. Фото: t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi

Ақтөбе облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары пысықталды. Өңір әкімі Асхат Шахаров жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Су тасқыны кезеңі таяп қалды, қазір босаңситын уақыт емес. Кабинетте отырмай, ауыл мен ауланы бір ай бойы аяқтай аралап, жағдайды көзбен көріп, жұмыс істеңіздер", - деген өңір басшысы тиісті сала мамандарына тапсырма берді.  

Асхат Шахаорвтың сөзінше, ауа райының қолайсыздығына қай кезде де дайын болу шарт.

"Су тасқыны – жыл сайын қайталанатын құбылыс. Бәріңіздің де тәжірибелеріңіз бар. Жергілікті жерде белсенділер, көпті көрген үлкендермен ақылдасып, кеңес сұраңыздар. Олар мәселені бұрыннан біледі, қай жерді су басу қаупі бар екенінен хабардар. Әр аудан және қалада жұмыс істеп жатқан Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының да кеңесіне назар аудару керек. "Қазгидромет" алдын-ала ауа райының қандай болатынын айтып отырады", - деді аймақ басшысы.

Жиында баяндама жасаған төтенше жағдайлар департаменті басшысы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, биылғы жылдың 21-27 ақпан аралығында Ойыл, Қобда, Мәртөк, Байғанин, Темір, Мұғалжар, Алға және Қарғалы аудандарының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Кейбір аудандарда анықталған проблемалық мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданған.

"Елдімекендерді су тасқыны қаупінен қорғау мақсатында аудан әкімдіктерімен жанар-жағармай, инертті материалдар, қапшықтар және азық-түлік қорлары, уақытша орналастыру пунктері әзірленді, күштер мен құралдар дайындыққа келтірілді. Қар шығару, арықтар мен каналдарды, су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары жүргізілуде, қорғаныс бөгеттері көтерілді", - деді ол.

Басқосуда "Қазсушар" облыстық филиалының директоры Мырзабай Нұртазин өңірде орналасқан су қоймаларындағы ахуалды баяндаса, "Қазгидромет" Ақтөбе филиалының басшысы Айгүл Саймова наурыз айындағы ауа райы болжамымен бөлісті. Су тасқыны кезеңінде су қоймаларының деңгейі үнемі бақылауда болады, ал ауа райына қатысты деректер ескеріліп, талдау жасалып отырады.

Асхат Шахаров су тасқыны кезеңі оның қатаң бақылауында екенін қадап айтты. Жауаптыларға нақты міндеттер жүктей отырып, аталған кезеңге тыңғылықты дайындалып, жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064009-kabinette-otyrmai-syrtqa-sygynyzdar-aqtobe-oblysynyn-akimi-seneunikterge-tapsyrma-berdi/

pixel