Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысындағы шағын елді мекенге қаладан көшіп келушілер неге көбейген: ауыл әкімі себебін айтты

Жарияланған күні:

Родников ауылы
Родников ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысында тұрғындары шағым айтпайтын, еш жерге арыз жазып көрмеген ауыл бар. Родников ауылында жұмыссыз жүрген адам жоқ. Қалалықтар көшіп баруға құмар шағын ауылдың ерекшелігі неде екенін KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбатында ауыл әкімі айтып берді.

Родников - облыс орталығына ең жақын ауылдардың бірі. Ауыл әкімінің айтуынша, мұнда қол қусырып отырған ешкім жоқ, тұрғындар ұйымшыл.

"Ауыл тұрғындары белсенді. Ауыл тұрғындарының басын қосқан өзіміздің бірнеше чатымыз бар. Күнде таңертең WhatsApp арқылы ауыл тұрғындарына жұмысты баяндап, есеп беріп отырамын. Жасалып жатқан жұмыстар көрсетіледі. Ауылдан бір адам облыс түгілі ауданға арыз айтпайды. Күндіз-түні сұрақтарға бірден жауап береміз. Тұрғындар бәрін көріп, өздері де араласып отырады", - дейді ауылдық округ әкімі Равиль Абилов.

Ауылың кіреберісі
Ауылға кіреберіс. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Жалпы ауылдың басым бөлігі егін және ауыл шаруашылығы саласын кәсіп қылып отыр. Өткен жылы ауылда 35 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

""Ауыл аманаты бағдарламасы арқылы кәсіппен де айналысты. Бір жылда бірден 13 жоба іске қосылды. Нәтижесінде ері де, жұбайы да жұмыспен қамтылды. Құс шаруашылығы, мал ұстады, ешкінің сүтін дайындады, наубайхана ашылды. Жазда құс алғандар қазір жұмыртқа мен құс етін сатып отыр. Өткен аптада тағы үш адам жұмыссыз ретінде тіркелді. Оларды да жұмыспен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Ауылда жұмыссыз жүрген адам жоқ",- деді әкім.

Равиль Абилов
Родников ауылдық округінің әкімі Равиль Абилов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Родниковта 1500 ғана тұрғын бар. Облыс орталығынан 40 шақырым жерде орналасқандықтан ауыл тұрғындарына арналған жеңілдетілген бағдарламаны пайдалану үшін мұнда қаладан көшіп келетіндер көп. Ауыл әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта сегіз отбасы қаладан ауылға көшіп келген. Шағын ауылда жеті дүкен, екі наубайхана бар. Ауылды нанмен толық қамтамасыз етіп отыр.

Наубайхана
Наубайхана. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Өзіміз он ағайындымыз. Үлкен апамыз "Ауыл аманаты" бағдарламасына қатысып, несие алды. Бірінші дүкен алды. Кейін наубайхананы іске қосты. Барлық ұн өнімін дайындаймыз. Түрлі тіске басар, тәттілер бар. Күніне кем дегенде 80 нан пісіреміз. Түске дейін 40, түстен кейін 40 нанды ыстықтай сатамыз. Жоғары сұрыпты нан бағасы 130 теңге. Дүкен мектепке жақын. Балалар жүгіріп келеді. Осы ауылға көшіп келгеніме екі жыл болды. Апама көмектесемін. Апам да бұрын қарапайым сатушы боп жұмыс істеді. Өзім қалада еден жуушы болып істедім. Апам, сіңілім үшеуміз кезектесіп шығып, дүкеннің, наубайхананың жұмысын жүргізіп отырмыз",- деді ауыл тұрғыны Ақгүл Төлепбергенова.

Родников ауылы
Родников ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауылдағы үлкен жеке агро шаруашылық 200-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Егінмен, малмен айналысып отырған тағы 17 шаруа қожалығы бар. Күнбағыстан бастап, түрлі дәнді дақыл егіледі.

ауыл көрінісі
Ауыл көрінісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Өзім осы ауылда туып өстім. Үш жылдан бері әкіммін. Осыған дейін Аққұдық ауылдық округінде жұмыс істедім. Ауыл жігіттері ұйымшыл. Көп жұмысты "Ауыл жігіттері" деген чатта ақылдасады. Мұнда ауылдың 150 азаматы бар. Белсенді. Үш жылдың ішінде 47 млн теңгеге демеушілік көмек көрсетті. Әсіресе әлеуметтік нысандарға көп қолдау білдіреді", - деді ауыл әкімі.

ауыл
Ауыл көшесі. Фото: KAZ.NUR.KZ

37 жастағы ауыл әкімі - көпбалалы әке. Өзі де көпбалалы отбасынан шыққан мемлекеттік қызметкердің алты баласы бар. Ауыл мектебінде жұмыс істейтін әкімнің әйелімен тілдесудің де сәті түсті.

ауыл әкімі
Ауыл әкімі отбасымен. Фото: KAZ.NUR.KZ

"2009 жылы шаңырақ көтердік. Ол кезде мәдениет үйінде жұмыс істеді. Үйленгеннен кейін әскерге кетті. Сол жылы балалы болдық. Ата-енем "сендер жұмыс істеңдер, баланы біз бағамыз" деп қолдау көрсетті. Сол кісілердің арқасы. Жолдасым 10 жылдай мәдениет саласында жұмыс істеді. Кейін аяқ астынан Аққұдық ауылдық округінің әкімі атанды. Ол кезде төрт баламыз бар. Бесіншісіне жүктімін. Аяқ астынан әкімнің әйелі болдық. Оның жауапкершілігі де үлкен екен. Оны балаларымыз да сезінеді. Әкелерін ұялтпау керегін біледі", - деді әкімнің жұбайы Зәмзәгүл Абилова.

Айта кетейік, Родников ауылдық округін Бұлақты деп атау бойынша тұрғындар арасында қоғамдық тыңдау өткен. Ұсыныс қолдау тауып, құжатты ресми әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064177-aqtobe-oblysyndagy-sagyn-eldi-mekenge-qaladan-kosip-kelusiler-nege-kobeigen-auyl-akimi-sebebin-aitty/