Өскеменде "Сергектегі" уақыт ауыспағаны үшін көлік жүргізушісі айыппұл арқалады
Жарияланған күні:
Өскеменде "Сергектегі" уақыт ауыспай қалғандықтан көлік жүргізушісіне негізсіз айыппұл салынды, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Қаладағы Абай даңғылында жылдамдықты шектейтін жол белгісі орнатылған, яғни сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін бұл аумақта жылдамдық сағатына 40 шақырымнан асырылмауы керек. Көлік жүргізушісінің сөзінше, бұл жолмен таңғы сағат 7.23-те өткен. Алайда жұмысына жеткенде, оған жылдамдықты асырғаны үшін 18 мың теңге көлемінде айыппұл салынғаны туралы ескерту келген.
Полиция департаментінің өкілдері бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қалада жылдамдық режиміне қатысты бірнеше қате деректер тіркелгенін атап өтті. Полицейлердің айтуынша, қызмет көрсететін ұйым бұл олқылықты жойған.
"Түзетілгеннен кейін бұл әкімшілік құқықбұзушылықтар автоматты түрде жойылады", - деп мәлімдеді ШҚО полиция департаменті өкілдері.
Айта кетейік, 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай UTC +5 уақыт белдеуіне ресми түрде ауысты. Еліміздің бірнеше өңірінде уақыт бір сағатқа артқа жылжыды.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтардың цифрлық құжаттарында туған күні өзгеріп кеткен. Құжатты eGov қолданбасы немесе веб-сайты арқылы қараған кезде туған күні алдындағы күнмен көрсетілген.
Бұған дейін Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізілуіне байланысты пайдалы кеңестер топтамасын жариялаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064273-oskemende-sergektegi-uaqyt-auyspagany-usin-kolik-zurgizusisi-aiyppul-arqalady/