Жол апатынан қаза тапқан ақтөбелік оқушыларға қатысты іс: көлік тізгіндеген мұғалімге қандай жаза тағайындалуы мүмкін
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында былтыр желтоқсанда аудандық пән олимпиадасына бара жатқан жолда апатқа ұшырап, өлім құшқан бір мұғалім мен екі оқушының өліміне қатысты іс сотта қаралып жатыр. Көлікті тізгіндеген 25 жастағы мұғалімге прокурор 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Аталған іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда. Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы үш адамның өмірін қиған жол апатын абайсызда болған қылмыс деп бағалады. Жәбірленушілердің талап арызы жоқ, олар сотталушыға кешірім берді.
Сотталушы - 25 жастағы мектеп мұғалімі Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен айыпталуда. Іс материалына сүйенсек, ол рульді басқара алмай, қарама-қарсы бағыттағы жүк көлігіне соқтығысқан.
Прокурор қылмыстың орташа ауырлықта және абайсызда жасалғанын айтты. Қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жай сот барысында және тергеп-тексеру кезінде анықталмаған. Сотталушының бұрын сотты болмағаны, кінәсін толық мойындауы, шын ниетпен өкінуін, жәбірленушілермен татуласуын, олардың кешірім беруін және материалдық-моральдық зиян қоймауын жеңілдететін мән-жай деп ескеруді сұрады.
"Жаза тағайындау барысында оның жағымды мінездемелерін ескеруді сұраймыз. Жағымсыз мінездемелер тіркелмеген. Ш. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оны 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймыз. Жазасын өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде белгілеуді сұраймыз", - деді прокурор.
Еске салайық, бұл іс сотқа ақпан айында түскен болатын. Қайғылы оқиға 2023 жылдың 19 желтоқсанында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында тіркелді. Пәндік олимпиадаға бара жатқан Жаныс би ауылының оқушылары Самара-Шымкент тас жолында жүк көлігімен түйісіп, жол апатына ұшырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064701-zol-apatynan-qaza-tapqan-aqtobelik-oqusylarga-qatysty-is-kolik-tizgindegen-mugalimge-qandai-zaza-tagaiyndaluy-mumkin/