Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қысы-жазы тұрамыз": семейліктер саяжайға елді мекен мәртебесін беруді талап етті

Опубликовано:

саяжай 10
Көрнекі фото: pixabay.com

Семейде жаңадан әзірленген шаһардың бас жоспары бағбандық жерге үй тұрғызған елге ұнамады. Несиеге белшеден батып баспана салғандар саяжай сүрілген жағдайда үкіметтен жыртығын жамауға жетпейтін тиын беретінін айтады. Қысы-жазы сонда тұратын қараша халық саяжайға елді мекен мәртебесін беруді талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілішісі.

Саяжай тұрғындарының наразылығы көбейді. Себебі шаһардың жаңадан әзірленген бас жоспарына сәйкес, мұндағы үйлер сүрілуі мүмкін. Ал елдімекен мәртебесі жоқ жерге өтемақы аз төленеді екен. Сондықтан тұрғындар әкімдіктен саяжай атауын жойып, елді мекен мәртебесін беруді сұрауда.

"Қазір мұнда қаншама адам тұрып жатыр. Қалтамыз көтерсе баспананы қаладан алмадық па? Амалдың жоғынан, несиеге батып үй салдық. Енді ол сүрілсе қайда барамыз? Не сол сәтте үй салмаңдар деп бізге ешкім айтқан жоқ. Бүгінде шамамен сегіз мың адам саяжайда қысы-жазы тұрамыз. Сондықтан мәртебе беретін уақыт жетті", - дейді саяжай тұрғыны.

Саяжай тұрғындарының санағы дұрыс болса, Шығыс кентіндегі саяжай халқының саны елді мекен мәртебесі бар кей ауылдан да асып тұр деген сөз. Ал Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, көшесі тар саяжайға мәртебе беру заңға сай келмейді. Дегенмен олар әлеуметтік нысандарды салуды жоспарлап қойған.

"2040 жылға дейін саяжай сүрілмейді. Бас жоспардан көпқабатты үйлерді алып тастаймыз. Тек мектеп, балабақша, аурухана салатын орындарды қалдырамыз. Сондықтан сол жер телімдеріндегі саяжайлар ғана сүріледі. Қазір біз бос жерлерді қарастырып жатырмыз. Ол жер инженерлік желіге жақын болуы керек", - деді әкім Нұрбол Нұрсағатов.

Ал саяжай тұрғындарына әкімнің бұл сөзі ұнаған жоқ. Себебі жер құжатында учаскелер бау-бақша егуге арналғаны тайға таңба басқандай көрсетілген. Енді тұрғындар үшін елді мекен мәртебесі жоқ жерге әлеуметтік нысан салудың қажеті қанша деген сұрақ тұр. Тіпті тұрғындар мұны атқамінерлердің бағбандық жерді "отарлау саясаты" деп түсінетінін айтты. Өйткені бұл аумақ не қалаға, не ауылға енбеген. Сондықтан бұзылатын санаулы саяжайдың өзі өтемақыға жарымай қалуы мүмкін. Ақыры амалы таусылған қараша жоғарғы биліктен қолдау күтуде. Олардың жалғыз талабы - Шығыс кентінің саяжайына елді мекен мәртебесін алу.

Еске сала кетейік, бұған дейін Семейдің жаңа бас жоспары әзірленгенін хабарлағанбыз.

Автор: Елжан Нұрболатов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064648-qysy-zazy-turamyz-semeilikter-sayazaiga-eldi-meken-martebesin-berudi-talap-etti/

pixel