Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

26 жастағы астаналық блогер егіз бен үшемге ана болудың қызығы мен қиындығын айтты

Опубликовано:

Ажар Кабитова
Ажар Кабитова. Фото: instagram.com/azharasay

Астаналық Ажар Кабитова 26 жасында алты баланың анасы атанамын деп ойламаған. Жас ана тұңғыш қызынан соң егізді болған, ал биыл қаңтарда үшемді дүниеге әкелді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ажар Кабитова KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, үшем мен егіздің анасы болудың ерекшелігі мен қиындығы туралы айтты.

Ажар Кабитова жолдасымен 2019 жылы танысыпты. Сол жылы шаңырақ көтерген.

"Күйеуімді ерекше айтқым келеді - ол маған ең жақын адам, менің тірегім, мені әрдайым қолдайтын адам. Екеуіміздің ойымыз үнемі бір жерден шығады. Бір-бірімізді тыңдаймыз. Сондықтан ренжісу дегенді білмейміз", - дейді Ажар.

Ерлі-зайыптының бүгінде алты баласы бар, олар - үш жастағы Амаль, екі жастағы егіз ұлы мен қызы Алан мен Аиша және үшем ұлдары - Әлихан, Әмірхан және Әміре.

Ажар үшем дүниеге келетінін алғаш білгенде қандай әсерде болғанын айтып берді.

астаналық үшем
Астаналық үшем. Фото: instagram.com/azharasay/

"Әр жүктілік әртүрлі өтті. Шынын айтқанда, іште жалғыз бала болса оңайырақ сияқты. Екінші жүктілігімде егіз бала көтеріп жүргенімді білгенде таңқалдым, қатты толқыдым. Оларға бірдей киім алып беріп жүргенімді, көшедегілердің бізге назар аударатынын елестеттім. Егіз балалар қашан да көзге түсіп тұрады емес пе? Қазір ойласам, егізге жүктілігім жеңіл өткендей, тіпті олардың салмағы 4 кг болса да, онша қинала қойған жоқпын. Міне содан біраз уақыт өткеннен кейін қайтадан аяғым ауыр екенін білдім. УЗД жасаттым. Өте қызық болды. Мен оның алдында өзімді нашар сезініп, жаман ауруға шалдықтым деп ойлап жүргенмін. Оны күйеуіме де айтқанмын. Бірақ УЗД қорытындысында менің жүкті екенім, үшем күтіп жүргенім белгілі болды. Сол кезде күйеуім қалжыңдап, жаман ауру емес пе екен деп сенбегені бар", - дейді ол.

Көпбалалы ананың айтуынша, үшемге жүктілігі қиынырақ өткен.

"Үш ай болған кездің өзінде ішім үлкен болды. Оның үстіне жүктілік кезіндегі жайсыздық тағы бар. Екінші триместрде ішім одан сайын үлкейді. Ал мерзім жақындағанда ішімді алып жүруге мүлде күшім жетпей қала ма деп қорықтым", - дейді ол.

Бүгінде жас келіншек бала күтушісіз-ақ алты кішкентай балапанын бағып-қағып отыр. Көпбалалы ана әдеттегі бір күнін баяндап берді.

"Таңертең оянғанда жанымда үш ұлым жатады. Негізінен күнім осы үшемнің күтімімен , соларға көңіл бөлумен өтеді. Оларды тамақтандыру, жуындыру, киімін, жөргегін ауыстыру кәдімгі жұмыс. Үлкен балаларыма күйеуім қарайды. Таңғы, түскі, кешкі асты күйеуім екеуміз бірге істейміз", - дейді Ажар.

Ажар үйдің тірлігіне кейде үлгермей қалатынын жасырмады. Алайда жолдасының, жақындарының қамқорлығын ерекше айтып өтті.

"Әрине, бәріне үлгермеймін. Қатты шаршаймын, тәулігіне 3-4 сағат қана ұйықтаймын. Сондай кездерде маған сәл ми тынықтырып алған дұрыс. Анам немесе әпкеме балаларды тапсырып, сән салонына, кафеге немесе жай ғана бір стақан кофемен серуенге шығып келемін. Бала күтімімен үйде отырған кезде көптеген ана өзін ұмытып кететіні рас, бірақ мен мұның уақытша екенін түсінемін. Сонда да өзіме күтім жасауға тырысамын, себебі блог жүргіземін", - дейді Ажар.

Ажар Кабитова
Ажар Кабитова. Фото: instagram.com/azharasay/

Егізі де үшемі де бар жас ана әзірге алты баласымен бірге көшеге шығып көрмегенін айтады. Алайда егізін алып шыққанда-ақ елдің назарына бірден түскен. Көпбалалы ана егіз немесе үшемге ана болуды армандап жүрген жандарға сөзін арнады.

"Егізге не үшемге ана болу өте ерекше сезім, толқисың. Ағайынды бауырлардың бір-бірімен қарым-қатынасын бақылауға мүмкіндік берілген. Алайда бұл ата-аналар үшін екі еселенген немесе үш еселенген салмақ дер ем. Әр балаға жеке көңіл бөлген жөн, олардың қажеттілігін беріп, жеке тұлғалық қасиетін байқай білу қажет. Бұл өте үлкен жұмыс, әсіресе бастапқыда, өйткені балаларға кішкентай кезде көп көңіл бөліп, күтім жасағанымыз жөн. Сондықтан егіз бен үшемге ата-ана болудың қуанышты жағымен қатар үлкен жауапкершілігі бар, төзімді болып, оларды бірдей жақсы көруің керек", - дейді жас ана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2065082-26-zastagy-astanalyq-bloger-egiz-ben-usemge-ana-boludyn-qyzygy-men-qiyndygyn-aitty/

pixel