Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында өрт сөндіру бөлімінде 20 жыл қызмет еткен мұғалім әйел туралы не білеміз

Опубликовано:

Лаура Хадисова
Лаура Хадисова. Фото: massaget.kz

21 жылдан бері Атырау облыстық Төтенше жағдай департаментінде қызмет атқаратын Лаура Хадисова мұнда әйел адамдарға жұмыс істеудің қызығы мен қиындығы туралы айтты. ТЖД қызметкері бұл салаға қалай келгенін Massaget.kz порталына баяндап берді.

Портал мәліметінше, 42 жастағы Лаура Хадисованың негізгі мамандығы бұл саладан мүлде алыс болса да, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметке келген.

"Өзім Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік совхозының тумасымын. Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедұлы атындағы мемлекеттік унивеситетінің тарих-филология факультетін бітіргенмін. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімімін", - дейді ол.

Атырау облысы Төтенше жағдай департаменті қызметкерінің айтуынша, бұл салаға келуінің өзі бір қызық оқиға болған.

"2003 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, қала мектептерінің бірінде еңбек жолымды бастап жүрген кезімде таныс ағайымыздың үйінде қонақта отырғанбыз. Сол жерге форма киген үлкен апай келді. Өзіне әдемі жарасып тұрды. Сол жерде әңгіме барысында Өртке қарсы қызметінде 1-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде орынбасар болып қызмет атқаратынын жеткізді. Сол жерге радиотелефоншы керек екенін де айтты. Табан астында бірден шешім қабылдап, "осы салаға ауысамын" дедім", - деп еске алды Лаура Хадисова.

Ол 2004 жылы наурызда Атырау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне радиотелефоншы лауазымына қабылданған. Сол жылдардан бері түрлі қызмет атқарып, қазіргі уақытта Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің Күш құралдар басқару орталығының диспетчері болып қызмет атқарады.

Бүгінде бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған Лаура Хадисова жұбайымен де осы төтенше жағдай департаментінің арқасында танысқан.

Лаура Хадисова қызмет барысында осы уақытқа дейін түрлі оқиғаны көрген.

"Қаламызда орналасқан Мұнай өңдеу зауытында мұнай қалдықтарының жануы, қаланың орталығында орналасқан тоғыз қабатты "Ақ жайық" қонақүйінің отқа орануы секілді оқиғалар болды. Қала сыртындағы Қарабатан зауыты аумағында 2018 жылы наурызда жатақхана өртеніп, алты жұмысшы қаза тапты", - деп еске алды ТЖД қызметкері.

Оның сөзінше, азаматтар тіпті қызу өлшейтін құралдағы сынап жарылса да төтенше жағдай қызметінің көмегіне мұқтаж болады.

"Былтыр жыл аяғында тұрғын үйде табиғи газ жиналып қалып, жарылыс болды. Бір жанұя түгелдей зардап шегіп, төрт адам қаза тауып (екеуі бала - еск.), бір адам күйік алды. Алайда біз қызметте тек өрт оқиғаларын қабылдап қоймаймыз. Облыс аумағындағы барлық төтенше оқиғаны қабылдаймыз. Жасөспірім балалардың көпірден, жоғары қабаттардан секіріп кетуі, қызу өлшейтін құрал сынып қалуы, мысықтардың терек басына шығып кетуі, құлыпталып қалған пәтер есіктерін ашу сияқты адам өміріне қатысты төтенше жағдайларға қатысып, қолдан келгенше алдын алуға тырысамыз", - деп түйіндеді сөзін ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2065089-forma-kigen-apaiga-qyzyqtym-ort-sondiru-boliminde-20-zyl-qyzmet-etken-atyraulyq-kelinsek-bul-salaga-qalai-kelgenin-aitty/

pixel