Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шиқылдап шақырады": ШҚО-да 14 жастағы қыз қыран баптап, аңға салады

Опубликовано:

Айзере Марксқызы
Бүркітші Айзере Марксқызы. Фото: 24.kz

Шығыс Қазақстан облысы Бозанбай ауылының кішкентай тұрғыны Айзере Марксқызы бүркіт баптап, аңға салады. Қазір құсбегілік өнерді барынша дәріптеп жүр, деп хабарлайды 24.KZ телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, сегізінші сынып оқушысы өңірдің мақтанышына айналды. Қаршадай қыз 8 жасында құзға өрмелеп, ұядағы балапанды өз қолымен алыпты.

14 жастағы Айзере қолы қалт етсе әкесімен бірге тауға барып, қыран құсты қолына қондырып, құмай тазысын ертіп, аңшылықтың қызығына түседі. Құсбегілер әулетінен шыққан қыз үшін бұл қалыпты дүние болса керек. Мына бүркітін Мұзбалақ деп атапты. Балапан кезінде ұядан өзі алған.

Басындағы тымағы Мұзбалақ алған түлкінің терісінен тігілген. Айтуынша, құстың тырнағына іліккен аңды осылай, іске жарату керек, әйтпесе обал болады.

"Мұзбалағым қасқыр алуға да қауқарлы", - дейді Айзере. Сондықтан күтіміне ерекше мән береді. Жыртқыш құс та Айзерені дауысынан таниды.

"Шиқылдап шақырды, сол кезде өзім де сезем. Жақсы көрген соң ауырып тұрғанын, көңіл күйі жоқ екені сезіледі өзіме. Ештеңеге зауқы болмаса, аңға шыққанда қумайды", - дейді бүркітші Айзере Марксқызы.

Айзеренің әкесінің сөзінше, қазір аңға салып жүргендіктен, бүркіт шамалап қана жемдеп отыр.

"Бүркіт ұстаған оңай, әкеп байлап қояды, жемін береді, алып шығады. Оның жаңағы бабы, күтімі, қыстағы жемі, ең аз жемдегенде 200-300 гр етті алайық бір күн жейтіні, 360 күнге есептесеңіз орта есеппен екі сиырдың етін жеп қоятындай деңгейде, күнделікті беріп отырсаң", - дейді Айзеренің әкесі Маркс Нажитпан.

Айзеренің анасы - он саусағынан өнер тамған ісмер. Ол бүркітші қызымның ине ұстауға ебі жоқ, соған алаңдаймын дейді. Дегенмен үнемі қолдау көрсетеді.

"Мен оған бірінші киімін жылы киіп жүруге екіншіден, тамағы тоқ жүрсе ары қарай ол тоңып та кетпейді, суықққа төзімділік бар. Оны ер адамдарды қалай шығарып салып, ас суын киім-кешегін жылылаймын, оны да солай қолдап отырам", - дейді Айзеренің анасы Шәкерман Ошан.

Айзере білімге құштар, сыныпта сыйлы. Басты арманы құсбегілікті насихаттау. Оның бүркіті биыл 6 жасқа толады. Бұл - оны еркіндікке жіберетін кез таяды дегенді білдіреді. Әзірге Айзереге ауыр тиіп жүргені де осы, Мұзбалағын қимайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2065133-siqyldap-saqyrady-sqo-da-14-zastagy-qyz-qyran-baptap-anga-salady/

pixel