Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көлсайға нәжіс, кір суы құйылып жатыр": табиғатқа алаңдаған Саты ауылының халқы дабыл қақты

Опубликовано:

Көлсай көлі
Көлсай көлі. Фото: NUR.KZ/Айдана Мамаева

Алматы облысында Көлсай табиғатына алаңдаған Саты ауылының халқы шу шығарды. Айтуларынша, ұлттық парк аумағындағы шұрайлы жерлер жекенің қолына өтіп, кәсіпкерлер жаппай қонақүй мен дәмхана салып тастаған. Олар демалыс орындарының кәріз жүйесі болмаған соң, нәжіс далаға кетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна ақпаратынша, кейінгі он жылдың ішінде мұнда кәсіпкерлер келіп, мейрамханалар мен қонақ үйлер салған. Бірақ жергілікті халық мұнымен табиғатымыз да ластанып жатыр деп дабыл қақты.

Қонақ үйден далаға арнайы тартылған құбырдан кәріз суы ұзақ уақыттан бері тоқтаусыз ағып жатқан көрінеді. Төгілген нәжіс ағыспен Көлсай көліне құйылып жатыр дейді тұрғындар.

"Дәрет, кір суы, түрлі зат бар. Таза, мөлдіреген суға ағызып отыр.Ол суды ішкен адам да, мал да ауру болады. Бұл ертең ағып кетуі де мүмкін, мына жер. Негізі үй салынуға тыйым салынған жер. Мына егілмелі тас, ертең астына су кете береді, мына жердің табиғаты бұзылады", - деді ауыл тұрғыны Ұлан Есікбай.

Ал қонақ үйдің қожайыны кінәсін мойындап отыр. Әрекеті заңсыз деп танылып, бір жарым миллион теңге айыппұл арқалаған. Нәжісті беталбаты далаға ағызуын кәріз жүйесінің жоқтығымен байланыстырды.

"Бәрі де бар. Тек бір ғана шешілмей тұрғаны — қонақ үйлерден кәріз суын төгетін жер жоқ. Басқа елдерде, мысалы, Швейцарияда, Грузияда тазарту құрылысы деген қойылады. Одан шыққан суды төгуге мемлекет рұқсат етеді. Өйткені ол сүзгіден өткізілген таза су. Бұны үкімет тарапынан қолдау жасап, кәріз мәселесін шешіп берсе", - деді кәсіпкер Марат Жүргенбаев.

Шенеуніктер болса лай суды сүзгіден өткізетін алаң соғуды көздеп отырғанын айтады. Бірақ оның құрылысы ұзаққа созылуы мүмкін.

"Үш гектар жерді белгіледік. Қазір аудан әкімдігімен жобалау жүргізілуде. Болашақта кәріз жүйесін, фильтрация деп айтамыз, сүзгі алаңын сол жерге орналастырамыз. Жобалауға миллион теңге бөлініп, құжаттама жасалды. Енді сол құжаттамаға сәйкес 760 миллион теңге керек", - деді Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы.

Кәріз суын далаға ағызатын кәсіпкерлерден бөлек, мал бағатын жерге қаз-қатар үй салып тастағандар да бар. Мәселен, бұл нысанда небәрі екі жарым айдың ішінде осындай 8 шағын баспана мен мейрамхана тұрғызылған.

"Бұл ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жер. Ешқандай құжаттары жоқ. Мына жердің бәрін күреді да, жер қыртысын бұзды. Үйдің үстіне үйді тоқтаусыз салып жатыр. Бассейннің орнын дайындап қойды. Енді ақша табудың да жөні, жолы бар шығар. Бірақ табиғатты құртуға, ластауға ешкім жол бермейтін шығар. Бұның бәрі бармақ басты, көз қыстымен жасалған нәрсе. Біреуге ақшасын береді, солай жасалған", - деді тұрғын Нұрлыбай Айтжанов.

Ал осы нысанның қожайыны үйлерді "шенеуніктердің өтінішімен салдым" деп отыр. Егер табиғатқа зардабы тиетін болса, әу баста неге ешкімнің ескертпегенін түсінбей дал.

"2022 жылы әкім облысы Батталов Амандық Ғаббасұлы маған өтініш жасаған. Арамызда досымыз бар, Нұрдәулет дейтін. Сол екеуіміз бірігіп, мына үйлерді саламыз деп. Өздері ұсыныс жасады, Үкімет басшысы келеді, инвестиция құйыңдар, үйлер салыңдар деп. Менің үйлерім шаруа қожалығы, оны аудару керек дедім. Аударып беремін деп, Талғат Байеділовке тапсырма берді. Енді, мне, екі-үш жыл өтті, маған құжаттарын бермей жатыр", - деді кәсіпкер Қанат Өскенов.

Алайда қарапайым халықты құжат қызықтырмайды. Жұрт табиғатқа алаңдаулы. Өйткені жер қыртысы бұзылып, сіңген жаман судан босаңсыған жер кез келген уақытта төменге сырғып, үлкен апат болуы мүмкін. Ауыл тұрғындары Көлсай көліне тақап салынған нысандарды бір жарым шақырым қашыққа көшіруді талап етіп отыр.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2068626-kolsaiga-nazis-kir-suy-quiylyp-zatyr-tabigatqa-alandagan-saty-auylynyn-xalqy-dabyl-qaqty/

pixel