Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"29 мектептің оқушылары сырттағы дәретхананы пайдаланады": Ақтөбе облысында білім саласындағы кемшіліктер анықталды

Жарияланған күні:

мектеп
Мектеп. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақтөбе облысында жылдар бойы не кітапханасы не спорт залы жоқ мектептер жұмыс істеп тұр. Өңірдегі 29 мектептің оқушылары түрлі себеппен даладағы дәретханаға жүгіруге мәжбүр. Ақтөбе облысы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы мәслихат сессиясында кемшіліктерді тізіп берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенғалиеваның айтуынша, 2023 жылы өңірдегі білім беру мекемелеріне қатысты 871 бақылау шарасы өткізілген. Ал биыл департамент тарапынан 57 мектеп, 78 балабақшада аттестаттау жүрді. Оның 93 пайызы атестаттаудан өте алмаған. Бұл өңірдегі 125 білім беру ұйымына қатысты жағдай. Жалпы мемлекеттік атестаттау барысында мектепке дейінгі және орта білім ұйымдарда мыңнан аса кемшілік анықталды. Материалдық-техникалық базаның жетілмеуі, білім беру әкімшіліктеріндегі жүйесіз жұмыс, басқару деңгейі төмен деген пікір айтылды.

"Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге қатысты. Оның білім дәрежесіне байланысты. Бақылау шаралары барысында білім беру ұйымдарының тиісті бейіні бар маманмен қамтылмағаны анықталды. Мемлекеттік аттестаттау жене тексеру барысында 75 педагогтің білімі туралы құжаты сәйкес келмейді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында педагог-сарапшы, педагог-зерттеушілердің үлесі төмен. Бүгінгі таңда мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсаруда. Десек те кейбір мектептерде оқу-зертханалық жабдықтар жоқ. Облыста 77 мектеп спорт залмен қамтылмаған, 29 мектепте кітапхана жоқ", - деді Гүлнәр Сәрсенғалиева.

Өңірде білім беру саласындағы проблема мұнымен бітпейді. Облыста апаттық жағдайдағы бес мектеп мәселесі әлі де өзекті. Сонымен қатар апат алдында тұрған тағы жеті мектеп бар. Үш мектепте үш ауысымда білім беру сұрағы шешілмей тұр. Және 15 мектептің құрылысы баяу жүргізіліп, тоқтап тұр.

"Облыс мектептері толық жылы дәретханамен қамтылған. Алайда мониторинг барысында 29 мектепте түрлі себеппен оқушылар дала дәретханасын пайдаланатыны анықталды. Оған судың болмауы, унитаздың жетіспеуі себеп. Мәселен Ойыл ауданын Ш.Берсиев атындағы мектепте ер балалар дәретханасына 5-6 жасқа арналған кішкентай унитаз қойылған. Жергілікті атқарушы органдарға тиісті шаралар қабылдау ұсынылды. Сонымен қатар кей мектептерде бейне бақылау камераларындағы жазба отыз күн бойы сақталмайды. Кей бейнекамералар мектеп айналасын толық көрсете алмайды. Бұл сұрақ шешілуі керек. Қобда ауданындағы үш мектепте бейнебақылау желісі мүлде іске қосылмаған", - деді Гүлнәр Сәрсенғалиева.

Өңірде білім сапасын жақсартуға қатысты өзекті мәселе көп. Облыстық мәслихатта сұрақтардың зерделеніп, жүйелі шешілетіні айтылды. Сессия отырысында білім беру ұйымдарындағы сапалы басқаруды жоспарлау, нәтижеге қол жеткізу жұмыстары талқыланды.

"Облыс бойынша 87 педагогке қажеттілік бар. 69 білім беру ұйымдарында басшының орны бос. Өйткені директорлардың жалақысы аз. Оларға директор болғаннан педогог қызметін жасаған тиімдірек. Және басшы болудың жауапкершілігі де бар. Дегенмен бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ауылдық жерлерге білікті кадр тартудың қиындығы бар. Мәселені шешу үшін өңірдегі педагог мамандар даярлайтын оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту, 5600 педагогтің біліктілігін арттыру, жергілікті бюджет есебінен педагогикалық мамандықтарға грант санын арттыру жоспарланып отыр. Инклюзивті білім беру ұйымдарының саны артып келеді. Өткен жылы 3590 орындық үш мектеп және екі жапсарлас құрылыс пайдалануға берілді. Биыл 19 380 орынға арналған 34 мектеп құрылысы және 880 орындық төрт жапсарлас құрылыс салынады. Облыста 170 ауыл мектебі заманауи стандарт бойынша жаңғыртудан өтті. 2023 жылы 92 мектепке 158 жаңа модификациялық кабинет алынды",- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Оның айтуынша, облыстағы мектептердің 61 пайыздан астамы отызыншы және тоқсаныншы жылдары пайдалануға берілген. Жүзден аса бейімделген мектеп бар. 32 мектеп саманнан, 5 мектеп ағаштан, 4 мектеп қамыстан салынған. Бұл мәселелерді шешу мақсатында облыстық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлінетіні айтылды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2069391-29-mektepte-daretxana-syrtta-ornalasqan-aqtobe-oblysynda-bilim-salasyndagy-kemsilikter-anyqtaldy/