Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақ кимешек киген ақтөбелік әжелер ұлттық киімді насихаттаған марафонға қатысты (фото)

Опубликовано:

Наурыз тойы
Наурыз тойы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгін, 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Ақтөбеде осы атаулы күнге арналған марафон өтті. Оған бес жастағы баладан 80 жастағы қарияға дейін қатысты. Ат үстінде ән салған қыз-жігіттер көпшілікті қызықтырса, белсенді ата-әжелер жастарға батасын берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

78 жастағы Ақзия Әлекенова да "Ұлттық киім" күніне орай ұйымдастырылған марафонға қатысты. Ақтөбелік зейнеткердің айтуынша, бабаларымыз ұл мен қыздың киіміне ерекше мән берген.

15 жылдан бері әжелер ансамбліне мүше зейнеткер ұлттық киімнің қадір-қасиетіне тоқталды.

ақтөбелік әжей
Ақтөбелік әжей. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазақтың ұлттық киімінен даланың иісі аңқып тұрады. Көшпенді халық сән-салтанатымен киінген. Қазақ бас киімді аяқ асты етпеген, қадір тұтқан. Оған қатысты ырым-тыйымдар аз емес. Қуанғанда бөркін аспанға лақтырып, күйінгенде жерге ұрған. Аналардың ақ жаулығы дауды шешкен. Айта берсең көп-ақ. Ұлттық киіміміз әр үйдің сандығында қазынадай сақталған. Қазір кішкене өзгешелік бар. Бірақ әдемі. Көздің жауын алатын ұлттық киімдерді жастар жақсы насихаттап жүр", - деді Ақзия әжей.

Ақтөбелік зейнеткер Райса Қайырмұханова да қалада өткен "Ұлттық киім" күніне арналған іс-шараға қатысқанына қуанышты.

"Бұрын ауылда, аудандарда Наурыз мерекесі ерекше тойланатын еді. Қазір қалада да өте жақсы ұйымдастырылады. Қандай керемет. Мына жастарға қарашы. Киімдері қандай әдемі. Наурыз мерекесі құтты болсын. Халқымыз аман болсын", - деді ақтөбелік Райса Қайырмұханова.

Марафонда тек қыз-келіншектер ғана емес, ер азаматтар да аз болмады. Өнерпаз жігіттер құран құс пен жүйрік тазысын да ерте келген.

марафон қатысушылары
Марафон қатысушылары. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Наурыз – қазақтың жаңа жылы. Кішкентай кезімізде 14-наурызда үй аралап көрісіп жүретін едік. Сол кезде тәттілер алып, қуанып қалатынбыз. Қазір дәстүр қайта жаңғырып жатыр. Өзімнің төрт балам бар. Олар ұлттық киімді енді түсініп, қабылдап жатыр. Болашақта жалғастырады деп ойлаймыз", - дейді ақтөбелік тұрғын Нұрлан Молдағалиев.

марафон қатысушылары
Марафон қатысушылары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгінгі марафонда студент жастарға ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдер мен тақиялар тарту етіліп, ата-әжелер батасын берді. Ал ат үстінде ән салған қыз-жігіттер жиналған елді сүйсінтті.

ақтөбелік жастар
Ақтөбелік жастар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Еске сала кетейік, биыл Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды 10 күн тойлау ұсынылды және 18 наурыз – "Ұлттық киім" күні болып белгіленген.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2070372-aq-kimesek-kigen-aqtobelik-azeler-ulttyq-kiimdi-nasixattagan-marafonga-qatysty-foto/

pixel