Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде бір көшенің балалары тай жарысына қатысты (фото)

Опубликовано:

Ақтөбеде балалар тай жарысы
Ақтөбеде балалар тай жарысы. Фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

Ақтөбеде бір көшенің тұрғындары Наурыз мерекесін ерекше атап өтті. Ат құлағында ойнаған қарадомалақтар тай жарыстырды. Ұлыстың ұлы күнін сән-салтанатымен дүркірете тойлаған көршілер бірліктің белгісін көрсетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласы УВД-3 бау-бақша ұжымындағы бір көшенің тұрғындары Наурыз мерекесін ерекше атап өтті. Ұлттық мерекені көршілермен тойлау Ақтөбеде жақсы үрдіске айналған.

Ақтөбеде балалар тай жарысы
Ақтөбеде балалар тай жарысы. Фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

"Наурызды көршілермен атап өту дәстүрге айналды. Бірге көже асамыз, дастархан дайындаймыз. Мына киіз үйіміздің өзі тарихи жәдігер. Маңғыстау өңірінен арнайы алдырдық. Кезінде тұрмыста қолданылған үй. Көрші балалар ішіндегі жабдықтарының бәрін біледі", – деді көше тұрғыны Арай.

Ақтөбеде балалар тай жарысы
Ақтөбеде балалар тай жарысы. Фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

Көршілердің басын біріктірген Русланбек Кәдіров есімді азамат жылқы шаруашылығымен айналысады. Атпен серуендеу, қазақы киіз үйде тынығу қызметтерін ұсынады. Айтуынша, атқа мінуге қызығушылық танытатындар көп.

"Бұл жердегі балалар жылқының не екенін білмеген. Біз ұстап, енді қолға алғанда қызығып, жанымда жүрді. Ал қазір олар асауды үйретеді. Енді осы кәсіпті әрі қарай дамытып, сайдың бойынан шаруашылық ашсам деймін. Адамдар табиғат аясында атпен серуендегенді жақсы көреді. Сонымен бірге қыста жабық алаң сұрайды. Қалада бағасы қымбат, соны қолжетімді еткім келеді. Қазір жастар атқа мінуге қызығады. Кейбірі мүлде атқа мініп көрмеген. Сонда да өз қорқынышын жеңіп, үйренуге талпынады. Көбіне оқушылар, студенттер әуес.

Балаларына атқа шабуды үйреткісі келетіндер көбейді. Қаладан арнайы келеді. Білмегенін үйретеміз, ат жуас, бірінші рет келген адамдарға да ыңғайлы. Бала келіп, атқа мінуден бастап, шабуға дейін үйренеді. Бәрі адамға байланысты. Бір-екі рет келгеннен-ақ меңгеріп алатыны болады. Ат әбзелдерін, ер-тоқымды қоюға дейін үйретеміз", – деді Русланбек Кәдіров.

Ақтөбеде балалар тай жарысы
Ақтөбеде балалар тай жарысы. Фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

Қазір УВД-3 бау-бақша аумағында үш шаруашылық бар. Атқа мінгісі келетін адамдарға демалыс үшін жағдай жасап қойған. Атқа мінудің денсаулыққа пайдасын да айтып берді.

"Өзім басында мемлекеттік қызметте болдым. Компьютерде көп отырып, омыртқам ауырды. Дәрігерлер “атқа мінсе адамның омыртқасы түзеледі” деп айтты. Рас екен. Денсаулығым жақсарды. Адамдар простатитке шалдығып, атқа мінуге келеді. Қызығушылық өте көп", – дейді Русланбек.

Ақтөбеде балалар тай жарысы
Ақтөбеде балалар тай жарысы. Фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

Бау-бақша алаңқайында балалар тай жарыстырды. Екі топқа бөлініп, арқан тартысқан бүлдіршіндер мәре-сәре болды. Бір-бірімен көрісіп, ән шырқап, тілектерін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2072325-aqtobede-bir-kosenin-balalary-tai-zarysyna-qatysty-foto/

pixel