Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

77 адам ғана тұрады: ШҚО-да жол азабын тартқан ауыл тұрғындары жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Қаңырап қалған Қойтас ауылы
Қойтас ауылы. Фото: massaget.kz

Шығыс Қазақстан облысы Қойтас ауылы көктем шыққан уақытта ми батпаққа айналып, тұрғындар жиі жарықсыз қалады. Ауыз су мен интернет мәселесі талай жылдан бері шешімін таппай келеді, деп хабарлайды massaget.kz.

Көктем ғана емес, жаз айларында да жұртшылық жол машақатын тартады. Айтуынша, қыста жолдар мүлде күрелмейді. Бұған қоса Қойтастың іргесінде көп жылдан бері руда қазылып жатыр. Одан әрлі-берлі қатынаған техникалар кетеуі кеткен жолды одан сайын тоздырып жіберген. Тұрғындар бүлінген жерлерді ешкімнің қалыпқа келтіруге қам жасамайтынын айтты.

"Карьерден шыққан көліктер жолды шұрқ тесік қылды. Тура ауылдың ортасымен өтеді. "Камаздар" жүргенде балаларды жазым ете ме деп қорқып отырамыз. Жаз болса, шаңды аспанға көтереді, кір жайсақ, бірден топырақ болады. Мал шұңқырға түсіп кете жаздаған жағдайлар талай болған. Осы мәселелерден соң ауыл қаңырап барады", – деді ауылдастар.

Қойтас Самар ауданындағы Аққала ауылдық округіне қарайды. Ауыл жұрты жолмен бірге таза су мәселесі жайлы да айтты. Құбырлар тартылған, бірақ игілігін көре алмай отыр.

Анықталғандай, қазір мұнда бар-жоғы 20-ға тарта үй қалды. Жастар легі де азайып кеткен. Соңғы жылдары жарық жиі сөніп, халықтың қараңғыда отыруы жиілеген.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, Қойтас ауылында 77 адам тұрады. Кіреберіс жол мен ауылішілік жолдарды жөндеу үшін "Самар" шаруашылық құқығындағы мекемесі Қойтас, Қараөткел елдімекендеріндегі ауылішілік жолдарды қардан тазарту үшін келісімшарт дайындау керек болатын. Бірақ мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг қорытындысында шарт жасасуға тыйым салынған көрінеді.

"Конкурс 29 ақпанда жарияланып, 7-12 наурыз аралығында сәтсіз лоттың нәтижесінде екі елді мекен жолдарын қардан тазарту міндетін "Самар" шаруашылық құқығындағы мекемесі өз жауапкершілігіне алды", – деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Мұхаметжанов.

Мұндағы жұрт таза ауыз суды уақытша ғана ішкендерін айтты. Топырақтың түсі өзгеріп кетті дейді. Бірақ аудан басшылығы бұл туралы мәлімет ұсынбады. Зейнеткерлер 1950-жылдары салынған мектеп болғанын, уақыт өте келе оның жабылып қалғанын айтты. Оқушылар бірнеше жыл бойы Аққала ауылындағы мектепке барып-келіп білім алды. Осы кезде тесік жолдар талай жүргізушінің көлігін тоздырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2073972-77-adam-gana-turady-sqo-da-auyl-turgyndary-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel