Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ас-сусыз шыдай ала ма": БҚО-да су ортасында қалған ауыл халқы мектепте көмек күтіп отыр (фото, видео)

Жарияланған күні:

БҚО Аққозы ауылы
Аққозы ауылының мектебі. Фото: ауыл тұрғындарынан

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Аққозы ауылының халқы су ортасында қалды. Үйлерінен азық-түліксіз шыққан халық аш, үрейде отыр. Ішер суы да таусылған. Ауыл халқы мектепке көшірілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ауыл тұрғынының портал тілшісіне айтуынша, мектепке жиналған ауыл тұрғындары орталықпен байланыссыз қалған. Себебі электр қуаты да өшкен.

"Ауылды түгел су алып кетті. Халық үш қабатты жалғыз мектепте отыр. Мектеп қырда тұрған соң ішіне әзір су кіре қоймады. Оның да артына су келіп жатыр. Жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Ауылдан шығатын жол жоқ. Тек тікұшақпен ғана шыға аламыз. Мектептің ішінде жарық жоқ, ішетін су да жоқ. Халық қараңғы жерде босып жүр. Малдың бәрі суда қалды. Малмен отырған ауылмыз. Ауылдағы 500-ден аса халық түгел мектепке келдік. Мектептің бөлмесі, дәлізі бәріне орналасып жатырмыз. Орталықпен байланыс жоқ. Ауыл әкімінің қолында ештеңе жоқ. Ол да бізбен бірге жүр. Біз су ортасында тұрған мектепте қашанға дейін отырамыз", - деді Аққозы ауылының тұрғыны Нұрболат Кенжеғалиев.

суда қалған ауыл
Суда қалған қоражай. Фото: ауыл тұрғындарынан

Оның айтуынша, тұрғындардың алды мектепке түске дейін келген. Бір ауылдың тұрғындары жалғыз моторлы қайықпен тасымалданған. Қарт кісілер мен бала-шаға бірінші жеткізілген.

"Ауылымызда 500-ден аса халық бар. Бәрімізді жалғыз қайықпен тасыды. Бір моторлы қайыққа мықтап тиегенде 7-8 адам ғана сыяды. Қандай әуреге түскенімізді ойлай беріңіз. Ешқандай техника жүрмейді. Барлық трактор тұр. Су ересек адамның белінен келеді. Мен туғалы осы ауылда тұрамын. Тап мұндай жағдай бұрын-соңды болмады. Өткен жылдары шеткі үйлердің қора-қопсысы суға кететін. Биыл бүкіл ауыл суға кетіп қалды. Қиын жағдай. Ертең мына адамдардың бәрі қайда барады. Қайықпен келе жатқанда оннан аса үйдің құлап қалғанын көзімізбен көрдік. Барлық үй судың астында қалды. "Эвакуация болады, Қаратөбе ауданына апарады" дегенді естідік. Халық көп. Тікұшаққа қанша адам сыяды?! Біз мұнда қашанға дейін босып жүреміз?! Әркімнің алып шыққан құрғақ тамағын жеп алдық. Ауылдағы 3-4 дүкен де суға кетті. Мектептің үш қабатына жайғасқан халық ас-сусыз шыдай ала ма? Шұғыл көмек қажет",- деді Нұрболат Кенжеғалиев.

мектепке тасымалдау сәті
Ауыл көрінісі. Фото: ауыл тұрғындарынан

Электр жарығы жоқ ауыл халқының ұялы телефондарының қуаты да таусылды. Орталықпен байланыса алмай отырған ауыл халқы көмекке мұқтаж.

Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі өкілдерінің мәліметінше, Қаратөбе ауданындағы Жақсыбай өзенінің сағасы қардың қарқынды еруі және жауын-шашынның салдарынан көтерілген.

суда қалған үй
Суда қалған үй. Фото: ауыл тұрғындарынан

"Шамамен 300-400-ге жуық адам Қоржын ауылдық мектебіне көшірілді. Автокөлік қозғалысы тоқтатылды. Қалыптасқан су тасқынының қауіпті жағдайына мониторинг жүргізу, сондай-ақ, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатында жедел штаб Орал қаласының "ӨС және АҚЖҚ" РММ күштері мен құралдарын Қаратөбе ауданының Аққозы және Шалғын ауылдарына жіберу туралы шешім қабылдады. Құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 24 адам, 5 бірлік техника және 4 мотопомпа тартылатын болады. Топтың жетекшісі болып, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Рустам Кубашев тағайындалды", - дейді БҚО ТЖД өкілдері.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074368-as-susyz-sydai-ala-ma-bqo-da-su-ortasynda-qalgan-auyl-xalqy-mektepte-komek-kutip-otyr/