Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы әкімдігі арықтар мен нөсер ағындарына қоқыс тастайтын тұрғындарға айыппұл салынатынын ескертті

Жарияланған күні:

Қоқыс тазалап жатқан коммуналдық қызметші
Қала көшелерін тазалау жұмыстары. Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласы әкімдігі арықтар мен нөсер ағындарына қоқыс пен қалдық тастаған тұрғындарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство өкілдерінің "Қазгидромет" РМК болжамына сілтеме жасап хабарлауынша, 28-30 наурыз аралығында Алматы қаласында жауын-шашын күтіледі.

Бүгінгі таңда қаланың коммуналдық қызметтерінің күшімен арық желілерін, арық өткелдерін және қоқыс төгілген "ойық жерлерді" тазалау жұмыстары жүргізілген.

"27 наурыздағы жағдай бойынша, 985 тонна қоқыс пен лай шығарылды. Барлық арық желісі тазаланды.

Жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу үшін мотопомпалармен және шанц құралдарымен жабдықталған 52 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылатын болады. 2 мың қап құм дайындалды. Аудандық әкімдіктерде жұмысты бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі", - делінген хабарда.

Сондай-ақ әкімдіктегілер су тасқынының алдын алу үшін қала тұрғындарын арықтарға, нөсер ағындары мен каналдарына қоқыс тастамауға шақырды. Тәртіп бұзғандар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

"ӘҚБтК-нің 505-бабы – "Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру" бойынша тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын қосымша хабарлаймыз, бұл ескерту үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады", - деді қала әкімдігі өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074491-almaty-akimdigi-aryqtar-men-noser-agyndaryna-qoqys-tastaityn-turgyndarga-aiyppul-salynatynyn-eskertti/