Ақтөбені қақ жарып өтетін Сазды өзені арнасынан асып кетті (фото, видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласындағы жағдай күрделі. Қаланың ортасынан өтетін Сазды өзені жүз пайызға толды. Арнасынан асып тасыған өзен суы көпқабатты үйлерге қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы 11, 12-шағын аудандарының халқы далада босып жүр. Мәметова көшесімен өтетін қоғамдық көліктер жүзіп кетті. Оқиға орнында облыс басшылары, ТЖД басшылары жүр.
"Қала, облыс аумағын тікұшақпен қарап, қар қорын зерделеп шығамыз. Сазды су қоймасының көлемі 7,5 млн текше метр. Қазіргі таңда жүз пайыз толды. Ақпарат бойынша 45 метр куб су келуде. Сол су өзен арнасынан ағып жатыр. Бұл жерде 40-50 см мұздың қалыңдығы кедергі келтіріп тұр. Өзен бойы орналасқан көпірлерге кептеліс жасап, қиындық туғызды. Мұз трактор, техникалар арқылы жарылды. Сазды өзені тікелей Елек өзеніне құйылады. Әуежайдағы су алу оқиғасының бұған мүлде қатысы жоқ. Әуежайға келген су қырдың жоталарынан келген қар суы", - деді Ақтөбе облыстық ТЖД басшысы Нұрғали Жүнісов.
Қазір Ақтөбеде өзендегі мұз кептелісін жою жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар, әскерилер, ТЖД және полиция қызметкерлерінен 157 жеке құрам (1000-жуық қызметкер), 200-ге жуық техника жұмылдырылды. Бірінші кезекте өзенді мұздан тазалау жұмыстары қолға алынып жатыр. Құм, инертті материалдар үздіксіз тасымалдануда. Әскерилер қапқа құм толтырып, жағаларды бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Облыстық ТЖД басшысының мәліметінше, өңірде екі аудандағы жағдай күрделі.
"Қазір облыста алаңдатушылық жағдайда тұрған Қобда, Ойыл аудандары. Қобдада Маңғыстау облысынан жұмылдырылған 52 әріптесіміз жұмыс істеп жатыр. Қазіргі ақпарат бойынша суға кеткен үйлердің саны есептелуде. 1-2 күнде нақты ақпарат болады. Қанай ауылымен әлі байланыс жоқ. Ойылда да қауіп бар. Ойыл өзені арнасынан шығуы мүмкін деген қауіп бар. Зерделеу жұмыстары жүруде. Эвакуация жасау үшін барлық мектептер ашылды. Бірақ адамдар онда барып жатқан жоқ. Тума-туыстарында", - деді Нұрғали Жүнісов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2074722-aqtobeden-qaq-zaryp-otetin-sazdy-ozeni-arnasynan-sygyp-ketti/