Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ертеңіміз не болады": Ақтөбе тұрғындары су астында қалған үйлерін көрсетті (фото, видео)

Опубликовано:

Суда тұрған үй
Суда тұрған үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қаласында ондаған бау-бақша ұжымындағы үйлер су астында қалды. Тұрғындардың дені – үйін несиеге салған көпбалалы отбасылар. Әзірге қалада суда тұрған 235 үйдің тізімі жасалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланғанына бүгін төртінші күн. Қаладағы Елек, Қарғалы өзені бойындағы барлық бау-бақша ұжымының үйлері белуардан суда тұр. Бүгінде ағыстың беті қайтқан.

"Азф-9 бау-бақша ұжымында тұрамын. Осында тұрып жатқаныма 5-6 жыл болды. Бәрі суға кетті. Тоңазытқыш, мұздатқыш, газ құрылғысы суда тұр. Тек құжатты алып үлгердік. Бау-бақша болса да биікте тұрғандықтан үйімізге су кіреді деп ойламадық. Қазір іші суға лық толып тұр. Отбасымызбен мектепті паналап отырмыз. Әзірге киім-кешек, тамақ бар. Ертеңгі күніміз не болады?", - деді тұрғын Гүлмира Қойшыбаева.

Әбігерге түсіп, әбден шаршаған тұрғындар үйінің құламауын тілейді. Ұры-қарыдан сақтанғандар бір-бірінің қайығын кезектесіп пайдаланып, суда тұрған үйін қарап қайтады.

ақтөбеліктер
Қайықпен жүзген ақтөбеліктер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Сегіз баласын туыстарына жағалатып жіберген Марат Тайлақбаев есімді азамат шарасыз жағдайын баяндады.

"Азф-6 бау-бақша ұжымында тұрамын. Біз 25 наурыз суға кеттік. Ал 28-і күні сегіз баламды туыстарға апардым. Төрт баланы бір үйге, төрт қызды бір үйге орналастырдым. Босып жүрміз. Бүгін біреуден қайық сұрап, үйді қарап келдім. Заттың бәрі жүзіп кеткен. Басында үй ішіндегі су белуардан келді. Қазір тізеден келеді. Шығын есептейтін жағдайда жүрген жоқпын. 2019 жылы екі бөлмелі үйі бар бау-бақша аумағын сатып алдым. Жанына үш бөлме қосып, газ кіргіздім. Пәтер жалдай да алмаймыз. Ешкім сегіз баламен пәтерін бізге жалға бермейді", - деді тұрғын Марат Тайлақбаев.

Ақтөбе тұрғыны
Ақтөбе тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бау-бақша ұжымында баспаналары су астында қалған халық "ертең қайда орналасамыз, үй құласа қайтеміз" деп отыр. Бәрін мазалайтыны тек осы сұрақ. Алдағы күнге алаңдайды.

Жергілікті билік су тасқынына дайындық жұмыстарын жүргізгенімен, "табиғи апатқа қарсы тұра алмадық" деп айтқан еді. Қазіргі уақытта қалалық әкімдік су кірген үйлердің нақты санын әлі шығара алмай отыр.

Ақтөбедегі бау-бақша ұжымы
Тұрғындар. Фото: KAZ.NUR.KZ

"28 наурызда Ақтөбе қаласы аумағында табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жарияланды. Сая, Мағаджан және Сүт зауыты аумағынан Заречный көпіріне дейінгі аумақтағы бау-бақша ұжымының, "Юрта" мейрамханасының артындағы саяжайдың, Кірпішті көпірінің ауданындағы бау-бақшалардың, Нокин даңғылы бойындағы (АЗФ зауытына дейінгі аумақтағы) бау-бақша ұжымдарының тұрғындары эвакуацияланды. Бұл аумақта 1000-ға жуық үй бар. Әзірге су басқан саяжай аумақтарына кіру мүмкін болмағандықтан суға кеткен үйлердің нақты саны шығарылған жоқ. Суда тұрған үйлер бар. Әзірге 235 үй. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға жарияланған төтенше жағдай аясында көмек беріледі. Қазір ол үшін үй саны анықталып, бүлінген мүлікті түгендеу үшін комиссия құрылады. Екі аудан әкімдігімен бірге комиссия дүйсенбіде аумақтарды аралау жұмыстарын бастайды", - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі өкілі.

Ақтөбе қаласында су тасқыны келтірген шығынды бағалау комиссиясы құрылды. Комиссия жұмысын 1 сәуірден бастайды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2076132-ertenimiz-ne-bolady-totense-zagdai-zariyalangan-aqtobe-turgyndary-suda-turgan-uilerin-korsetti-foto/

pixel