Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында тасқын салдарынан перзентханаға жете алмаған келіншек ауылдық амбулаторияда егіз босанды

Опубликовано:

егіз босанған келіншек, дәрігерлер
Қаламқас Қонықаева ауыл амбулаториясының қызметкерлерімен. Фото: жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы тасқыны қаупі төнген Нұра ауылының амбулаториясында егіз қыз дүниеге келді. 37 жастағы келіншек осылайша жеті баланың анасы атанды. Ауылдық амбулаторияның медицина қызметкерлерінің көмегімен өмірге келген нәрестелердің жағдайы жақсы, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

37 жастағы Қаламқас Қонықаева Нұра ауылынан 90 километр қашықтағы аудан орталығына барып босануды жоспарлаған.

"Негізі аудан орталығына келіп босануым керек еді. Үйімде бес бала болған соң ерте шыға алмадым. Дәрігерлер ауданға жеткіземіз деп отырғанда қыздарым ауылда өмірге келді. Су тасқыны кезінде дәрігерлер аман-есен жанымды алып қалды. Бес балама егіз қыз қосылды. Тасқыннан көшеді деген ауыл көшпей қалды. Судың қаупі сейілді. Жақсы жаңалық бірінің үстіне бірі болып жатыр. Ауыл халқының қуанышында шек жоқ. "Қыз – өріс" деп жақсылыққа жорыды. Дәрігерлерге алғысым шексіз", - дейді егіздердің анасы Қаламқас Қонықаева.

Бұл жаңалық тасқын судан үрейде отырған ауыл халқының көңілін бір серпілтті.

"Келіншекті таңғы сағат 4-те амбулаторияға әкелдік. Жағдайы ауырлау болды. Гемоглобині төмен. Елдің тілегі шығар. Біреуі сағат таңғы 6-да, екіншісі сағат 7- де өмірге келді. Айжан, Айару есімді медбике қыздарымызбен бірге босандырып алдық. Ауыл болып тілек тіледі. Ел болып қуанып жатырмыз. Кейін тікұшақпен аудан орталығындағы перзентханаға алып кетті", - дейді Нұра ауылы амбулаторияның дәрігері Сәуле Сатаева.

Айтуынша, ауылдағы амбулаторияда барлық жағдай жасалған. Бұрын онда 20 керуеттік аурухана, босану бөлмесі болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері аудан орталығынан 90 километр қашықтағы ауылға апаратын жол еріген қар суы басып қалғандықтан жабық тұрғанын хабарлады. Ведомствоның Facebook-парақшасындағы мәліметке сүйенсек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы толғатқан келіншекті босандырып алу үшін ауылға акушер-гинеколог, анестезилог-реаниматологтан тұратын бригада жіберген, алайда олар ауылға жете алмай кері қайтқан.

Автор: Ардақ Ерубаева

егіз
Қаламқас Қонықаева. Фото: жеке мұрағатынан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2076336-aqtobe-oblysynda-tasqyn-saldarynan-perzentxanaga-zete-almagan-kelinsek-auyldyq-ambulatoriyada-egiz-bosandy/

pixel