"Ауылдың бүкіл үйі құлады": елдегі жағдайды баласына бір аудиохабарламамен жеткізген тұрғын сұқбат берді
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде атадан қалған қара шаңырақтың ортасына түскенін көзімен көрген азаматтың аудиожазбасы әлеуметтік желіде тарап кетті. Елдегі жағдайды бір хабарламамен жеткізген азамат KAZ.NUR.KZ тілшісіне тасқынмен күрескен сәттерді баяндап берді.
Әлеуметтік желіде тараған аудиожазбаның авторы – Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тұрғыны Самат Бисембин.
Ауыл тұрғыны ұлына арналған хабарлама елге тарап кетеді деп ойламағанын айтады.
"Хабарламаны ұлыма жібердім. Ол Ақтөбе қаласында оқиды, студент. Мен сол кезде телефон қуаты таусылып, ағайынмен 3-4 күн байланыса ала алмай қалдым. Тікұшақпен құтқарылып, эвакуациялық пунктке аман жеткеннен кейін ғана байланыс болды. Баламнан хабарлама келіп тұрды. "Әке, аман-есенсің бе? Мал-жан қалай?" деп сұраған екен. Сол балама жауап ретінде жіберген аудио хабарламам еді. Оның бұлай тарап кететінін қайдан білейін. Көзіммен көрген соң дірілдеп, сөйлей алмай тұрдым. Баламды жылатып алмайын деп те ойладым. Балам ғана емес, ағайындарымыз іздеген екен. Менің амандығымды естірту үшін оны бір-біріне жіберген. Жұрт "сенің даусың" деп оны өзіме салып жатыр. Шыны керек, өзім ұялдым. Ол өкініштен шыққан сөздер. Екпетал ауылында тұрғаныма – 53 жыл. Әке-шешемнен қалған қара шаңырақты ұстап қалып едім. Сол өкініш өзегімді өртеп, қимастықпен балама айтқан сөздерім. Ауылымыздың бір сәтте суға толып кеткенін көзімізбен көрдік. Түгел кетті", - деді Екпетал ауылының тұрғыны Самат Бисембин.
Екпетал ауылының тұрғындары қазір аудан орталығындағы колледж ғимаратында тұрып жатыр. Айтуынша, тұрғындардың бәрі де азық-түлік, киім-кишекпен қамтылған.
Тасқын кезінде ауылдағы бала-шаға, қарт кісілер мен қыз-келіншектерді ертерек қауіпсіз жерге жіберіп, ауыл азаматтары соңына дейін күрескен.
"Ауылда шамамен 38 адам болды. Кіл ер адамдар қалдық. Үйдегілерді бір күн бұрын аудан орталығына жіберіп, ағам екеуміз ауылға көмектесеміз деп қалып қойдық. Ауданның бәрі көмекке келді. Құм әкелді. Таңғы уақытта әліміз келмей қалды. Шама келгенше алып қалуға күш салдық. Онымен толқын, мұз кедергі жасады. Соңында өзіміз қаштық. Бәріміз силикаттан салынған үй, мекемелердің ғимаратына жүгірдік. Төбеге мініп үлгердік. Бірден су алып кетті. Аман қалғанымызға қуандық. Үй, мүлік, мал көз алдында ағып кетті. Ештеңе ала алмадық. 29-ы күні таңғы сағат 5-те ауылға су кіріп кетті. Түске дейін қайық та, тікұшақта келді. Ең бастысы –адам аман. Елде тек тыныштық болсын", - дейді тұрғын.
Айта кетейік, Ойыл ауданы жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған аумақтардың бірі. Қазір Ақтөбе облысында оннан аса өзен арнасынан асып, бес аудан және облыс орталығында (Мұғалжар, Әйтеке би, Қобда, Темір, Ойыл аудандары мен Ақтөбе қаласында) төтенше жағдай жарияланды.
Салдарынан 753 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан, 187 аула мен 99 саяжай үйлеріне зақым келді.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2076495-auyldyn-bukil-uii-qulady-eldegi-zagdaidy-balasyna-bir-audioxabarlamamen-zetkizgen-turgyn-suqbat-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.