jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Аида Тақабаева
Аида Тақабаева
Бұрынғы қызметкер

"Ойды да, қырды да қопарып бітті": Жетісу облысында қазба байлық іздегендер жерді қазып тастаған (видео)

Ауыл тұрғындары заңсыз қазылған жерге қарап тұр
Суықсай ауылы маңындағы заңсыз қазылған жер. Видеодан кадр: 31.kz

Жетісу облысына қарасты Ақсу ауданы Суықсай ауылында белгісіз біреулер алтын іздеп, жерді жаппай қазып жатыр. Бұған ауыл тұрғындары үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды 31 арна.

Ауыл тұрғындарының арна тілшісіне хабарлауынша, ауылдан 25 шақырымға жуық жерде тереңдігі 2 метрден асатын шұңқырлар пайда болған.

Ауыл тұрғындары алтын іздеген компаниялар керегін алып, жерді қопарып кете береді деп күйініп отыр. Соның салдарынан қазылған жерлердің айналасы қоқысқа толған.

"2-3 жылдан бері қазба байлық іздегендер ойды да, қырды да қопарып жатыр", - дейді ауыл тұрғындары.

Олардың сөзінше, осының кесірінен жайылым жердің тапшылығы туындаған. Сондықтан суықсайлықтар кәсіпкерлердің жұмысына қарсы екенін айтып тыр.

"Жердің быт-шытын шығарып қазып кеткен. Жолды жауып кеткен. Ешкімнен сұрамаған. Ойына келгенін істеп жатыр", - дейді Суықсай ауылының тұрғыны Ғалымбек Сейсебаев.

Арна мәліметінше, өңір тұрғындарының тиісті мекемелердің осы мәселеге қатысы бар ма деген күдігі де жоқ емес. Өйткені тау-тасты қопарып, қазба байлық іздегендерге бірнеше жылдан бері тосқауыл болмаған.

"Бұл әңгіме әлі ұзарып жатыр, тоқтауы керек. Алдындағы әкімнің кезінде басталған. Нақты тоқтататындай шешімге келуі керек. Бақылайтын бір орган бар ма? Халық жиналып жасаған жайлауға шығатын жолдың быт-шытын шығарды да кетті", - дейді ауыл тұрғыны Сайлау Сексенбаев.

Суықсай ауылының тұрғыны Боранбек Жексенбек ауыл халқы жерді жөн-жосықсыз қазуды тоқтатуды талап етіп отырғанын айтады.

"Біріншіден, экологиямызға, екіншіден, осындай кереметтей жерімізді қазғылау деген дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Мұнда тарихи жәдігерлер болған соның бәрі жермен жексен боп кетті. Мұндай бассыздыққа жол бермейміз", - деді ол.

Арна тілшісіне аудан әкімінің орынбасары бұл мәселені бірер күн бұрын ғана білгенін айтқан.

"Бұл жерде жұмыс істеп жатқан адамдардың бәрі заңсыз жұмыс істеп жатыр. Біздің тарапымыздан, басқа ресми органдардан рұқсат алынбаған. Біздің хабардар болғанымызға 2-3 күн ғана болды. Бізге ешкім айтқан жоқ", - дейді Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаев.

Ауыл тұрғындары заңсыздық мұнымен бітпесе жоғарыға шағымданатынын айтты.

"Ойды да, қырды да қопарып бітті": Жетісу облысында қазба байлық іздегендер жерді қазып тастаған (видео)

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.