Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында 94 млн теңгеге салынған полиция бөлімшесі құлауға шақ тұр (видео)

Опубликовано:

Полиция учаскесі
Полиция учаскесі. Фото: almaty.tv

Алматы облысындағы Қызылқайрат ауылында бірнеше ай бұрын ғана пайдалануға берілген полиция бөлімшесінің тоз-тозы шықты. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлайды.

Телеарнаның хабарлауынша, полиция бөлімшесіне арналған ғимарат 2023 жылдың қысында салынған. Сырттай қарағанда бәрі дұрыс – жақында жөндеуден өткен, жайлы, таза. Алайда ішкі жағдайы нашар: қабырғалары жарылып, ол жерлерден жел соғады.

"Мен нысан құрылысын басынан аяғына дейін жүргіздім. Тапсырысқа берілген. Қазіргі таңда мынадай проблема шығып жатыр, себебін сарапшылар айтсын", деді құрылыс компаниясының ресми өкілі Әсет Боранғазиев.

Алматы облыстық прокуратурасы жүгінген тәуелсіз сарапшы жағдайдың жақсы емес екенін ашып айтты. Бұл жерде бір минут та тұрақтап қалуға болмайды, деді ол.

"Бұл ғимаратта қалу қауіпті. Қабырғасынан дала көрініп тұр. Сырттай қарап шықтым, ғимарат сапалы салынған деп айтуға келмейді. Топырақ отырып кеткен секілді. Нысанды салмас бұрын қандай тексеріс жүргізгенін білмеймін. Оны тексеру қорытындылары анықтайды", деді тәуелсіз сарапшы Тахиржан Құрбанқұлов.

Полицейлердің айтуынша, алғашқы жарықтар наурыз айының басында байқалған. Олар ақауларды түзетеміз деп уәде берген мердігерлерге жүгінген. Тәртіп сақшылары өздері үшін емес, осында өтініш білдіріп келетін азаматтар үшін қорқады.

"Кейде қорқамыз, себебі ауыл тұрғындары келеді. Күніне 10 адам қабылдаймыз. Біз бұл жерге қаңтардың аяғында көшіп келдік. Жер сілкінісі кезінде ешқандай жарықтар болған жоқ, бірақ кейіннен солар себеп болған шығар, білмеймін. Бірақ күн сайын жарықтар көбейіп келе жатқанын байқаймын", - дейді Талғар аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Мадияр Жақабаев.

Ғимарат отырып қалғандықтан, есіктер толық ашылмайды. Мамандар айтқандай, бұл топырақтың нашар тығыздалуына байланысты болуы мүмкін.

Аудандық құрылыс бөлімі жоба пайдалануға берілгенге дейін олқылықтардың болғанын алға тартты. Ал қалпына келтіру жұмыстары мердігерлердің жеке қаражаты есебінен жүргізіледі.

"Нысан апатты деп танылды деп айта алмаймын. Күні кеше мердігер тараппен, авторлық және техникалық қадағалаумен бірлесе отырып, хаттама жасап, тапсырма бердік. Бұл жерге тәуелсіз сарапшыларды шақырып, сараптама жүргізу керек", - деді Талғар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшы міндетін атқарушы Сәбит Тұрсынов.

Аудан әкімдігі ғимараттың құрылысына бюджеттен 94 миллион теңге бөлінгенін хабарлады. Ғммаратқа қатысты қандай шешім қабылданатыны сараптама қорытындысын алғаннан кейін белгілі болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2079269-almaty-oblysynda-94-mln-tengege-salyngan-policiya-bolimsesi-qulauga-saq-tur-video/

pixel