Үкімет: Қазақстанда су тасқыны салдарынан 25 мектепке зиян келген
Жарияланған күні:
Үкіметте су тасқыны кезінде халыққа қолдау көрсету шаралары талқыланды. Төрт министрліктің басшысы табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты қандай шара қабылданғанын айтты, деп хабарлады primeminister.kz.
Үкіметтің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, үкіметте ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте су тасқыны кезінде халыққа қолдау көрсету шаралары талқыланды. Оған төрт министр қатысты.
Ведомство мәліметі бойынша, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады. Ведомство басшысының сөзінше, қазіргі уақытта жағдай тұрақты, алдын алу шаралары қолға алынған. Су басқан аймақтардағы ауыз су мен эвакуациялық пункттердегі азық-түлік тұрақты бақылауға алынып, тиісті зертханалық тексерулер жүргізіліп отыр. Азаматтар арасында астан ұшыну деректері анықталған жоқ. Тіпті ем қабылдап жатқан адамдардың жағдайы бақылауда. Жүкті әйелдерге барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
"Сонымен қатар азаматтарға психологиялық қолдау көрсету жұмысы да назарымызда. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 13 маман қызмет көрсетуде. Бүгінге дейін 293 адам психолог көмегіне жүгінген. Ақтөбе өңіріндегі 23 маман жедел желі арқылы 132 азаматқа кеңес берді", — деді Ақмарал Әлназарова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, өтемақы алуға ниеттілердің өтініштерін қабылдау үшін мобильді қосымша әзірлеген. Бұл туралы ЕХӘҚМ басшысы Светлана Жақыпова айтты. Өтініштерді өңірлердегі арнайы комиссиялар қарастыратын болады.
Сондай-ақ оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әзірге су тасқынынан зардап шеккен мектептердің оқушыларын жас ерекшеліктеріне қарай сауықтыру лагерьлері мен интернаттарға, колледждерге орналастыру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, балаларға уақытша қауіпсіз орындарда оқу бағдарламасына сай білім беру қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда су тасқыны салдарынан 25 мектепке зиян келтірілген. Төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін, министрлік құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, табиғи апат салдарынан келген шығынды жан-жақты бағалап, қажетті жөндеу жұмыстарын дереу қолға алуды көздеп отыр.
Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елдегі жоғары оқу орындарына су тасқынынан зақым келмегенін айтты. Оқытушылар мен студенттердің басым бөлігі еріктілер қатарына кіріп, су тасқыны салдарымен күреске жұмылдырылған.
"Әр министр қалыптасқан жағдайды тікелей бақылауы керек. Қажет болған жағдайда ұсыныстарды су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі республикалық штабқа жедел бергені жөн. Азаматтарға тиісті әлеуметтік төлемдердің уақытылы берілуін үнемі назарда ұстау керек", — деді Тамара Дүйсенова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2081132-ukimet-qazaqstanda-su-tasqyny-saldarynan-25-mektepke-ziyan-keltirilgen/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.