"Терезені ашудан қалдық": Жетісу облысындағы ауыл тұрғындары мүңкіген иіске шағымданды (видео)
Жарияланған күні:
Жетісу облысындағы Көксу ауданы, Балпық би ауылының тұрғындары тері өңдеу зауытының жұмысына наразы. Ауыл азаматтары жағымсыз, мүңкіген иістен мезі болғанын айтып, әкімдікке де шағымданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Телеарна мәліметінше, Көксу ауданы, Балпық би ауылының тұрғындары қыстың аязы мен жаздың аптабында есік-терезені қымтап отыруға мәжбүр. Өйткені мүңкіген иістің кесірінен ауылда түрлі ауру пайда болған, дейді олар. Ал мұның бәріне мал терісін өңдейтін зауыт себеп. "Қабылданған тері апталап сасып жатады" деген көпшілік таза ауаның арманға айналғанын айтты.
"Сасық иіс, шошқаның иісі мұндай болмайды деп ойлаймын. Отырсаң, көзіңнен жас шығады", - деді Балпық би ауылының тұрғыны Оралбек Зияданов.
Тұрғындар ойын балаларын қысы-жазы үйде ұстап отыруға мәжбүрміз, дейді. Ауыл азаматтарының сөзінше, тері жуған су канал арқылы ағып, Көксу өзеніне құятын көрінеді. Салдарынан аймақтағы демалыс орындары да малдың өлексесіне айналған
"Терезені ашудан қалдық. Ауруханада емделіп шықтым. Ауа жетпей, өліп қала жаздадым", - деді Балпық би ауылының тұрғыны Қайрат Жанғазинов.
Өндіріс орны басшысына тұрғындар талай мәрте ескерту жасапты. Тіпті әкімдікке де шағым айтып келген. Алайда еш нәтиже байқалмайды. Ал кәсіп ашып, нәпақасын тапқысы келген азамат жұмыс бастамас бұрын ресми органдардан рұқсат алдық, бәрі заңды деп отыр.
"Көршілерден рұқсат алмадық, бірақ сұрап, айттық. Бұл кісілер "сасытпай, тазалап тұрсаңыздар болды" деген. Ешқандай сасық иіс жоқ. Аз ғана терінің исі шығады", - деді кәсіпкер Қуаң Тұрай.
Жұрттың мазасын алған жайттан жергілікті әкімдік те хабардар. Олар кәсіпкердің жұмысына біржақты тосқауыл қоя алмайтынын айтты. Дегенмен тиісті тараптарға арыз жазылған.
"Ол – жекеменшік жер. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Мамандар жұмада келіп, бәрін тексереді. Ережеге сай ма, ауылдан қанша шақырым болуы керек деген мәселелерді тексеріп, егер жабу керек болса, жабады", - деді Балпық би ауылдық округінің әкімі Төлеген Қожабеков.
Ауасы бұзылып, алқымнан алғанда амалсыз бас көтеруге мәжбүр болған көксулықтар аталған нысанды шалғайға көшірмейінше "тыныш таппаймыз" деп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2081999-terezeni-asudan-qaldyq-zetisu-oblysyndagy-auyl-turgyndary-munkigen-iiske-sagymdandy-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.