Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әке, Ханторыны құтқар": Ойылда үш жасар баланың бәйгеге шабатын аты суға кетті (фото, видео)

Опубликовано:

Ойылдық бәйге аттың иелері
Жалғас Төлешовтың ұлы, немересі және Ханторы. Фото: тұрғынның жеке мұрағатынан

Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысы Ойыл ауданына қарасты Екпетал ауылында бәйгеге шауып жүрген ат суға батып кеткені көрсетілген видео тарады. Видеода кадрдан тыс кішкентай баланың дауысы естіледі. Онда ол әкесінен Ханторы есімді атын тасқын судан құтқаруды сұрайды. Жүйрігін аман алып қала алмаған аттың иесі KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Екпетал ауылында үш жасар баланың бәйгеге шабатын аты жергілікті тұрғындардың көз алдында тасқын суға батып кетті. Аты суда тұрғанын фотодан көрген балақайдың әкесіне жолдаған аудиохабарламасы әлеуметтік желіде тарап кеткен.

Бір түнде су астында қалған ауыл тұрғындыры малды қауіпсіз жерге шығарып үлгермей қалған. Бас сауғалап, биік ғимараттарға шыққан тұрғындар тасқын ағызып бара жатқан малға тек жоғарыдан қарап тұрғанын айтады.

"Бәйгеге шабатын немеремнің аты еді. Бір ай бұрын ғана өткен аламан бәйгеде екінші орын алды. Негізі бәйгеге қосатын екі атым бар. Төртінші орын алып жүргені аман қалды. Ауылдың балалары аттың суда тұрған кезінде суретке түсіріп алған. Соны көрген үш жасар немеремнің әкесіне "Ханторыны құтқар" деп айтқаны еді. Өзі атты жақсы көреді. Әкесі жетектеп, ұлын сол атқа мінгізетін", - дейді Екпетал тұрғыны Жалғас Төлешов.

Айтуынша, ауылға су түнде кіріп, лезде жайпап өткен.

"Сол атпен мал шығарамын деп отыр едім, үлгере алмай қалдым. Екі атты босатып үлгердім. Көк аттың аяғы бір жерге кіріп кеткен. Салқын судан шыға алмай батып өлді. Біз гараждың төбесіне шығып үлгердік. Мен аттың қасымыздан жүзіп өткенін көрдім. Өлгенін әріректегі балабақшаның үстінде отырғандар түсірген”, - деді Екпетал тұрғыны Жалғас Төлешов.

Ауыл тұрғыны бұрын-соңды мұндай тасқынды көрмегенін айтады.

"Екпеталда тұрғаныма қырық жыл болды. Бұрын мұндай тасқынды көрген емеспіз. Су үйдің үстінен өтіп кетті. Елдің барлық жиған-тергені ағып кетті. Балабақшаның үстінде қарап тұрдық. Су ауылдың бір жағынан кіріп, екінші жағынан шықты. Қазір аудан орталығындағы баламның үйінде тұрып жатырмыз", - деді тұрғын.

Екпетал
Екпетал ауылы. Фото: Жалғас Төлешовтың жеке мұрағатынан

Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, ауылдың қазіргі ахуалы тұрақты. Екпетал ауылының тұрғындары аудан орталығында, көпшілігі туыстарының үйінде тұрып жатыр.

"Эвакуациялық пункте жатқандарға жаңа үй салынғанша тұратын жер қарастырып жатырмыз. Екпетал тұрғындары толық аудан орталығына көшіріледі. Жер, орын дайын. Ал Шығанақ Берсиев ауылына ауыз су берілді, газ қосылды, жол бар. Жарықсыз үйлерді комиссия қарап жатыр. Мал шығыны да есептеледі. Барлық залал өтеледі, - деді аудан әкімі.

Жалпы Ойыл ауданында барлығы 340 үйді су басқан, қазіргі уақытта 49 үй әлі де су астында тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2082491-ake-xantoryny-qutqar-oiylda-us-zasar-balanyn-baigege-sabatyn-aty-suga-ketti-foto-video/

pixel