Семейде жұмысшылары ауыр жарақат алған зауытқа қатысты тексеріс қорытындысы хабарланды
Жарияланған күні:
Семейде құрылыс материалын шығаратын зауытта жұмысшылардың өндірістік жарақат алуына қатысты комиссия құрылып, тексеріс жүрді. Еңбек инспекциясы тексеру барысында жеке серіктестік директоры құбырлар мен қосалқы элементтердің сапасын тексермегенін анықтаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бес жұмысшысы ыстық судан қашамыз деп екінші қабаттан секіріп, ауыр жарақат алған зауыттағы оқиға бойынша тексеріс қорытындысы хабарланды. Төртеуінің аяқ-қолы сынған еді. Тіпті дәрігерлер аурухана төсегіне таңылған үш жұмысшыға бірнеше ота жасаған.
Тексеріс жүргізген облыстық Еңбекті қорғау және қауіпсіздікті бақылау бөлімінің инспекторлары серіктестік директоры олқылық жіберген дейді. Олардың мәліметіне сүйенсек, ыстық су құбырларын жаңарту барысында ешқандай жоба әзірленбеген. Яғни оның техникалық сапасына мән берілмегені айтылды.
"Мекеме басшысы бүгінгі күні заңға сәйкес олардың еңбекақыларын 100 пайыз төлейді. Сондай-ақ емделуге жұмсаған барлық шығынын өтеп береді. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша еңбек қорғау саласындағы қателіктері үшін қылмыстық жауапкершілік анықталған. Сол бойынша біз материалдарды құқық қорғау органдарына жібердік", - деді Абай облысы Еңбек қорғау және қауіпсіздікті бақылау бөлімінің басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев.
Қазір оқыс оқиғадан зардап шеккен жұмысшылар үйлерінде ем-дом қабылдап жатыр. Жақындарының айтуынша, аяқ-қолы бірнеше жерден сынғандықтан олар өз бетімен жүріп- тұра алмайды. Ал жарақаттарының қашан қалпына келетінін дәрігерлер де дөп басып айта алмаған көрінеді.
Еске сала кетсек, биыл наурызда Семейде құрылыс материалдарын шығаратын зауытта оқыс оқиға болып, төрт қызметкер ауыр жарақат алған. Олар жұмыс ауысымынан кейін жуынатын бөлмеде болған сәтте ыстық су құбыры жарылған. Қайнап тұрған судан қашамыз деп екінші қабаттың терезесін сындырып секірген төрт жұмысшы темір терсек пен шынының үстіне түскен.
Автор: Елжан Нұрболатов
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2082563-semeide-zumyssylary-auyr-zaraqat-algan-zauytqa-qatysty-tekseris-qorytyndysy-xabarlandy/