Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қайрат Сатыбалдыға заңсыз алынған шетелдегі активтерін мемлекетке қайтаруға уақыт берілді

Опубликовано:

Қайрат Сатыбалдыұлы
Қайрат Сатыбалдыұлы. Фото: Inbusiness.kz

Астанада ақша және мүлікті заңдастыру бойынша айыпталған Қайрат Сатыбалдыұлының соты жалғасты. Оның активтерін мемлекетке қайтару үшін қосымша уақыт берілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпталған С.-ға қатысты кезекті сот отырысы өтті.

"Өткен жолғы сот отырысында сотталушы кінәні мойындау туралы процестік келісім жасау және заңсыз алынған активтерді қайтару туралы өтінішхат берген. Сот тараптарға осы мәселені шешуге уақыт белгілеген болатын.

Бүгін прокурор активтерді, оның ішінде шетелдегілерін қайтару рәсімі уақытты талап ететініне назар аударып, істі кейінге қалдыру және тараптарға аталған рәсімдерді орындау үшін мерзім беру туралы өтінішхатын білдірді", - делінген хабарламада.

Сот отырысы процестік келісім жасау туралы мәселені шешу үшін ақылға қонымды мерзімге кейінге қалдырылды.

Айта кетейік, биыл қаңтар айының басында Сатыбалдыұлының мемлекетке қайтарған мүлкінің жалпы сомасы 650 млрд теңге екені белгілі болған еді. 2024 жылдың ақпан айында Сатыбалдыұлы ісі бойынша мемлекетке қосымша 44,6 миллиард теңге қайтарылды.

Қайрат Сатыбалдыұлы ісі

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылғы 13 наурызда ұсталды. Ол қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қамауға алынды.

Сол жылдың 24 тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ мен "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады.

2022 жылғы қыркүйек айында сот Сатыбалдыұлын кінәлі деп тауып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жазасын Өскемен қаласының іргесіндегі №22 мекемеде өтеуге жіберілді.

2023 жылғы қазан айында Бас прокуратура Қайрат Сатыбалдыұлының шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін екенін айтқан. Алайда кейін оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартылғаны белгілі болды.

Желтоқсан айында тәртіп сақшылары Қайрат Сатыбалдыұлының 120 миллион доллар көлеміндегі қаражатын қайтаруды қамтамасыз еткені белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2082905-qairat-satybaldyga-zansyz-alyngan-seteldegi-aktivterin-memleketke-qaitaruga-uaqyt-berildi/

pixel