Ақтөбе облысында баспанасыз қалған тұрғындарға ауылдастары бос тұрған үйлерін тегін берді (фото)
Жарияланған күні:
Облыс орталығынан 250 км қашықта жатқан Жағабұлақ ауылының тұрғындары тасқын сумен қалай күрескенін айтып берді. KAZ.NUR.KZ тілшісі елуге жуық аулаға су кіріп, саманнан салынған ескі үйлері құлап қалған ауыл халқының бүгінгі тұрмысы туралы арнайы репортажды ұсынады.
Мұғалжар ауданы Ақтөбе облысындағы төтенше жағдай жарияланған аудандардың бірі. Мұнда барлығы 63 үй, 14 шаруашылық және кәсіпкерлік нысан зардап шекті.
Жем өзенінің бойындағы сайда қоныстанған Жағабұлақ ауылында 43 тұрғын үй, 5 шаруашылық нысанға су кірді.
Жағабұлақта барлығы 1310 халық, 248 тұрғын үй бар. Тасқын кезінде ауылдағы саманнан салынған ескі үйлердің қабырғасы жарылып, бір бөлігі қирап қалған.
Зардап шеккендердің бірі алты балалы отбасы. Көпбалалы ана қазір әкімдіктің балансында тұрған уақытша берілген үйде тұрып жатыр. Жолдасы ауылдағы өрт сөндіру бекетінде жұмыс істейді. Өзі ауылдағы спорт кешенінің кіші қызметкері. Балаларының алды студент, кішісі 4 жаста.
"Бұрынғы тұрған баспанамыз әке-шешемізден қалған, 60 жыл бұрын саманнан салынған үй. Кеше су келгенде қабырғалары жарылып, кіреберіс құлады. Тасқын кезінде жатын орын, тамағымызға дейін қамтамасыз етілді. Қолдау бар. Бір реттік көмек алдық. Бала-шағамен қаңғытпай, бос тұрған кең үйге кіргізді. Ішінде жуынатын жері, дәретханасы бар. Жақсы", - деді 41 жастағы келіншек Құндыз Қасымова.
Ауыл тұрғындарының дені мұнайшылар. Вахталық әдіспен жұмыс істейді. Жем өзені арнасынан тасығанда ауылдағы шеткі Саға көшесінің бойымен су жүріп өткен.
"Саманнан салынған үйім су кіргеннен кейін жарамсыз болып қалды. Ол жарты ғасыр бұрын салынған ескі үй еді. Дымсыз қалғанымызда әкімдік ауылда бос тұрған үйге кіргізді. Бізге осы үйді берсе де қанағаттанар едік. Балалар қора-қопсыны дұрыстап алады. Тек аздап жәрдем етіп жіберсе екен. Әрине елдің бәрінде осындай қиын жағдай болып жатыр. Тек малды аман алып қалдық", - деді тұрғын Руслан Балғарин.
Ауылдағы бос үйге кірген отбасылар оны жекеге берсе деген тілек айтты. Бірақ әкімдік оның заңдылығы қарастырылатынын айтты.
Сонымен қатар ауылдан көшіп кеткен азаматтар да бос қалған үйлерін зардап шеккендерге тегін берген.
"Жағабулақ ауылы Батбақкөл ауылдық округінің орталығы. Округке бес ауыл қарайды. Тасқын кезінде Жем бойына салынған үйлерге қауіп төнді. Аудан әкімі бастап келіп, ауылды аман алып қалу шаралары жасалды. Жүзге жуық ауыл азаматтары бөгеттерді бекітті. Техникалар жұмылдырылды. Су тек ауыл шетіндегі көшеге кірді. Ауылдағы спорт мектебіне су кіргізбеу үшін Ембі қаласынан 17 бапкер келді. Спорт мектебіне су кірген жоқ.
Алдағы уақытта дамбы салу мәселесі тұр. Су арнасынан асқан кезде нөсер жауын құйып, жұмыстарға кедергі келтірді. Техниканың жұмыс істеуіне қиындық туғызды. Қазір су кірген саманнан салынған үйлер жарамсыз болып қалды. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының балансында бос тұрған екі үй болды. Ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, көпбалалы отбасыларды кіргіздік. Біріне алты балалы отбасы, екіншісіне үйінде тоғыз жан бар төрт балалы отбасы кірді. Одан бөлек ауылда бос тұрған үйлері бар тұрғындарға хабарластық. Осы жерде алғыс айтқым келеді. Олар жалға алу ақшасынан төлейтінімізді айтқанда бас тартты. “Қиын қыстау заманда пайда тапқымыз келмейді. Бос тұрған үй, тегін береміз” деп алты адам үйлерін ашып берді. Үйлерінің сұрағы шешілгенше тұра берсін деп отыр. Тасқын кезінде ауыл жастары, мұнай мекемелер, кәсіпкерлер көмектесті. Жұмыстардың дені көптің көмегімен жасалды", - деді Батбақкөл ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Боқашев.
Сонымен қатар тасқын су Шеңгелши ауылына да қауіп төндірді. Онда 4 үй мен 2 шаруашылық нысаны суда қалды. Ал жарық өшкен Қожасай, Жаркемір ауылдарындағы қиындық мұнай компаниялары арқылы шешілген.
Қазір ауданда техникалық сарапшылар бүлінген әр үйге бағалау жұмыстарын жүріп жатыр. Қанша үйдің тұруға жарамсыз болып қалғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2084129-aqtobe-oblysynda-baspanasyz-qalgan-turgyndarga-auyldastary-bos-turgan-uilerin-tegin-berdi-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.