Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Вагонда тұрамыз": дүние-мүлкі суға кеткен Ақтөбе облысындағы ауыл халқы тұрмыс-тіршілігін көрсетті

Жарияланған күні:

Василий Ерназаров
Құмсай ауылының тұрғыны Василий Ерназаров. Фото: KAZ.NUR.KZ

Су тасқыны кезіндe үйлері опырылып, ортасына түскен Темір ауданындағы Құмсай ауылының халқы мұнайшыларға арналған вагонда тұрып жатыр. Бар болғаны 75 түтіні бар шағын ауылда 41 үйге залал келген. KAZ.NUR.KZ тілшісі темір үйшікті мекен қылған ауыл халқының өмірінен арнайы репортаж жасады.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Құмсай ауылында 323 адам тұрады. 75 түтіні бар алақандай ауыл халқы малмен күн көреді. Тасқын басталардан бұрын тұрғындар төрт түлігін қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Мал шығыны жоқ, бірақ толқын болып келген тасқын ауылдың жартысын қиратып кетті. Қора-қопсы, дүние-мүлкі суға кеткен құмсайлықтар қазір вагонды паналап отыр.

Құмсай ауылы
Құмсай ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ел қиын жағдайда. Бәрі ағып кетті. Үй ортасына түсті. Қирамаған зат қалмады. Әкемнен қалған үйдің орны үйілген қоқысқа айналды. Су үйдің терезесіне дейін келді. Толқын қатты болды. Шыдамай бәрі құлады. Жылда су келеді. Бірақ бұлай ауылға кіріп көрген емес. Үй, қора-қопсы, сарай – бәрі жарамсыз болып қалды. Халық тек малын шығарып үлгерді. Қазір вагонда тұрамыз. Жарық, газ бар. Жылы", - дейді Құмсай тұрғыны Василий Ерназаров.

ауыл тұрғыны
Ауыл тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тұрғындар үйінді арасынан пайдаға жарайтын заттарын шығарып, кептіріп қойған. Киім-кишек, естелік суреттер аулада жайылып тұр. Ауыл халқын "тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі, жаңа баспаналар салынады" деген мемлекеттің шешімі жұбатып отыр.

киім-кешек
Киім-кешек. Фото: KAZ.NUR.KZ

"28 наурызда болған тасқын судан үйімізден айырылдық. Мұндай суды бұрын көрген емеспіз. Көп көлемдегі су ауылға толқынмен келді. Лезде шайып кетті. Үй толық құлады. Қазір вагонда екі отбасы болып тұрамыз. Үкімет үй салып беретінін айтып жатыр. Шешім сөз болып қалмай, тезірек іске асқанын қалаймыз", - деді Құмсай тұрғыны Тарғын Досақов.

Тарғын Досақов
Құмсай ауылының тұрғыны Тарғын Досақов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Үйі қираған тұрғындардың ауласына мұнай компаниясының вагондары қойылған. Ішінде төсек-орын, ас бөлмесі бар. Жаңа үй салынғанша ауыл халқы осы темір үйшікті мекендейді.

вагон
Уақытша баспана. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бір жолғы көмекті алдық. Елмен бірге күн көреміз. Тасқын болған кезде көмек көрсетілді. Тамағымызды, жатын орнымызға дейін дайындап берді. Қиын жағдайда қалғандарға баспана салып береді деген үміт бар", - деді тұрғын Саясат Озғанова.

вагон іші
Вагон іші. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жағдайды ауылдық округ әкімі түсіндірді. Оның айтуынша, залал келген мүлікті түгендеу жұмыстары аяқталды.

"Жем өзені арнасынан асып, Құмсай ауылында бірнеше үй суға кетті. Қазір оларға бір жолғы материалдық көмек қаржысы түсіп жатыр. Осы ауылдан үй салып беру жөнінде өтініш жасалды. Әр үйге бағалау жүргізіліп, зерттеу актілері жасалды.

Бағалау жұмысының қорытындысы негізде салынатын үй есебі шығады. Мал шығыны жоқ. Тұрғындардың өтініші негізінде ауылға 31 вагон әкелінді. Жаңа үй салынғанша вагонда тұрады. Түгендеу жұмыстары аяқталды. Енді үйдің қай жерде салынатыны зерттеледі. Алдағы уақытта өзен бойына дамбы салу мәселесі де шешіледі. Бұрын дамбы болмаған. Осыған дейін ауыл тұрғындары қолдан жасаған бөгеттер арқылы суды тоқтатып отырған", - деді Саркөл ауылдық округінің әкімі Мади Шүйіншалин.

қираған үй
Қиранды. Фото: KAZ.NUR.KZ

Саркөл ауылдық округіне осы маңдағы Шұбарши, Қопа ауылдары да қарайды. Тасқын кезінде ауылдық округтің орталығына да қауіп төнген. Бірнеше ауылдың жастары мен аймақтағы ірі мұнай компаниясының көмегімен үш шақырым жолға берік бөгеттер жасалып, тағы бір ауыл тасқыннан аман қалды.

"Дамбыны бекітуге жұмыс істедік. Саркөл елдімекені аман қалды. Өндіріс аумағын да су басты. Тәулігіне 500 тонна мұнай өндіріп отырған цех тоқтады. Мұнайшылар су бұру, тазарту жұмыстарына жұмылдырылған. Жалақысы тоқтамайды", - деді "СNPC-Ақтөбемұнайгаз" АҚ Кеңқияқ мұнай-газ өндіру мекемесінің 3-Цех басшысы Нариман Бөкенбайұлы.

Компания тарапынан жүзге жуық техника мен жүздеген жұмысшы су бөгеттерін бекітуге жұмылдырылғаны айтылды. Тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарына да мұнай компаниясының арнайы су кірмейтін техникасы шығарылған. Бірлескен жұмыс негізінде облыстық маңызы бар жол да тасқын судан аман қалды.

"Облыстық маңызы Покровка –Кеңқияқ тас жолының 65-шақырымына қауіп төнді. Ауыл жастары болып үш күн бойы күрестік. Мұнай компаниясының техникалары келді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде жолды судан аман алып қалдық. Егер ол жолды су шайса облыс орталығымен қатынас толық үзілер еді", - дейді Кеңқияқ ауылының әкімі Қуанышбек Серікжанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2084819-vagonda-turamyz-dunie-mulki-suga-ketken-aqtobe-oblysyndagy-auyl-xalqy-turmys-tirsiligin-korsetti-foto/