Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бар жиған-тергеніміз": тасқын судан үрейленген атыраулықтар үйлерін целлофанмен қаптап жатыр

Опубликовано:

Атырау қаласы
Атырау қаласындағы жеке тұрғын үй. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Үйлерін су шайып кетеді деп қауіптенген атыраулықтар баспанасын аман алып қалудың амалын жасап жатыр. Жайық өзеніне жақын орналасқан ықшам аудандардың тұрғындары үйлерін полиэтилен пакетпен қаптаса, кейбірі қапшыққа құм толтырып бөгет жасап қойған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айман Амалқызы "Самал" ықшам ауданынан жер алып, бірнеше жыл бұрын қоныс тойын тойлаған. Екі қабатты үйін жолдасымен бірге түрлі жұмыс істеп жүріп, бар жиғанына тұрғызғанын айтады. Жалғыз баспанасын топан судан сақтап қалу үшін бар күшін салуда.

"Біз каналға жақын тұрамыз. Су бөгеттен өтіп кетсе ең алдымен осы маңайдағы үйлерге кіреді. Сондықтан қамданып жатырмыз. Құрылыс дүкенінен полиэтиленді қаптарды әкеліп, фундаментке қаптаймыз, топырақтан бөгет жасау үшін қаптарға да тапсырыс беріп қойдық. Сақтықта қорлық жоқ. Құлсарыда халық алаңсыз отырған кезде тілсіз жау аяқ астынан келіп, мыңдаған үйді бір сәтте су басып қалды. Жиған тергенімізден айырылып қаламыз ба деген қорқыныш бар", - дейді тұрғын.

Атырау қаласы
Атырау қаласы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Атырау қалсының орталық көшелеріндегі бизнес орталықтар да, жекеменшік мекемелер, тұрғын үй кешендері де қызу дайындық үстінде. Топырақ толтырылған қапшықтармен ғимараттарын қоршап тастаған.

қапталған көлік
Қапталған көлік. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қаланың орталық көшелерімен өтіп жатқан Жайық жағалауында да адам бойымен бірдей қорғаныс салынуда.

Атырау қаласы
Атырау қаласы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Қазіргі сәтте Жайық өзеніндегі су деңгейі күннен күнге көтеріліп жатыр, ағыс та күшейген. Атырау облысы бойынша "Қазгидромет" РМК гидрологиялық мониторингінің деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 16 сәуірде Жайық өзені Атырау қаласында бір тәулікте 14 сантиметрге көтеріліп, гидробекеттегі су деңгейі 387 сантиметрге жеткен. Атырау қаласындағы қауіпті деңгей – 550 сантиметр. Су тасқыны басталғаннан бері Атырауда су 196 сантиметрге көтерілген.

Атырау
Көпқабатты тұрғын үй. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

"Су деңгейі одан әрі көтеріледі деп күтілуде. 16 сәуірде Иректі су қоймасынан судың келуі 510 м3/с құрады, су жіберілуі 447 м3/с құрайды", - деп хабарлайды Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы өкілдері.

Жайық өзенінің жағалауы
Жайық өзенінің жағалауы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Шенеуніктердің айтуынша, қала сыртындағы Қайыршақты ауылдық округіне қарасты саяжайлардың суға кету қаупі бар. "Колос", "Мұнай өңдеуші", "АтырауМұнайҚазГеология" бау-бақша серіктестіктеріне қауіпсіз жерге көшу ұсынылды.

ықшамаудан
Атыраудағы ықшам аудан көшесі. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

"Аталған саяжайлар қорғаныш сызығынан тыс жерде, Жайық өзенінің жайылмасында орналасқан және топырақ эрозиясының ықтималдығы жоғары. Жағаны қорғау шахталарының құрылысы мүмкін емес. Осыған байланысты аталған бау-бақша серіктестіктерінің иелеріне хабарлама жіберілді", - деді Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы өкілі.

Бөгет салу жұмысы
Бөгет салу жұмысы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Қазіргі кезде Атырау қаласында бірнеше күн ішінде 100 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері салынды. Сондай-ақ Соколок каналының жанынан қосымша канал салынып жатыр. Соколок каналынан су тасып кеткен жағдайда екінші канал резервтік гидротехникалық құрылыс қызметін атқарады. Қазір 12 шақырымының жұмысы аяқталған.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086160-bar-zigan-tergenimiz-tasqyn-sudan-ureilengen-atyraulyqtar-uilerin-cellofanmen-qaptap-zatyr-foto/

pixel