Атырауда 54,5 млн теңге бөлінген ат жарысы өтпейтін болды
Жарияланған күні:
16 сәуірде Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы ат бәйгесін ұйымдастыру және өткізу лотының күшін жойды. БАҚ-та су тасқыны кезінде ат бәйгелерін өткізуге жұмсалған миллиондаған шығын орынсыз деген жағымсыз пікірлерден кейін іс-шарадан бас тарту туралы шешім қабылданған, деп хабарлайды "АқЖайық" басылымы.
Басылым мәліметінше, Сыбайлас жемқорлықты тергеу қор-бюросы Telegram-дағы арнасында бұған бірінші болып назар аударған.
Бәйгені ұйымдастырушыларға конкурс өткізу туралы хабарландыру мемлекеттік сатып алулар сайтында 20 наурызда, ал конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін 9 сәуірде жарияланған.
Бұл мақсатқа Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы 54,5 млн теңге бөлген. Ұлы дала тұлпары" атты облысаралық бәйгеге бюджет былтыр жыл соңында бекітілген.
"Өтініштерді 9 сәуір мен 30 сәуір аралығында қабылдау жоспарланған. Қызмет көрсету – мерзімі шартқа қол қойылған күннен бастап 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін", - делінген бәйге туралы ақпаратта.
Басылымға бұл жағдайға қатысты басқарманың қаржы-экономикалық бөлімінің басшысы Тілекқабыл Есдәулетов пікір блдірген. Оның айтуынша, басқарма басшысы Атырау облысындағы төтенше жағдайға байланысты лоттан бас тартуды тапсырған. Сондай-ақ ол мұндай шешімнің БАҚ пен әлеуметтік желілердегі резонанстан кейін қабылданғанын растады.
"Бұл лот облыстағы төтенше жағдайдан бұрын жарияланып, бюджеті өткен жылдың соңында бекітілген болатын. Жеңімпазды анықтап, төтенше жағдай аяқталғаннан кейін өткізе алар едік. Ал енді, бәйге мүлде өтпеуі де мүмкін – бәрі аймақтағы жағдайға байланысты. Бәйге өткізуден бас тарту туралы шешім БАҚ-та жаңалық шыққаннан кейін қабылданды", - дейді Есдәулетов.
Оның айтуынша, ат бәйгесі облыста жыл сайын өткізіліп тұрады. Былтыр да 54,5 миллион теңге бөлініп, оның 8 миллионы ғана игерілген. Қалған сома бюджетке қайтарылған. Басқарма басшысы жарыс жылдың аяғында өтіп, ауа райы суыта бастағандықтан, жарыстың бір кезеңі ғана өткізілгенін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086205-atyrauda-545-mln-tenge-bolingen-at-zarysy-otpeitin-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.