"Бар затым мен бүкіл шотымды Назым мен балаларыма сыйлаймын": сотта Бишімбаевтың "өсиеті" туралы айтылды
Жарияланған күні:
Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотта екінші айыпталушы Бақытжан Байжановтың ұялы телефоны тексерілді. Телефондағы видеолардың бірінде әлдебір өсиет жайында айтылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Прокурор телефоннан Байжанов Бишімбаевтың "өсиеті" деп атаған видеоны тапты.
Видеожазба қосылғанда Бишімбаевтікіне ұқсас дауыспен ер адамның "Барлық шотымды, бағалы заттарымды балаларыма қалдырамын, соларға сыйлаймын, Назымға (Бишімбаевтың бұрынғы әйелі – ред) және балаларым – Мансұр, Кәрім және Ранияға" деген даусы естілді.
Судья Байжановтан "Бұл видеоны Бишімбаев түсір деп өтінді ме?" деп сұрады. Байжанов "иә" деп жауап берді.
Бұл жазбаға Бишімбаевтың өзі де пікір білдірді.
"Бұл мені пышақпен жүргенде тоқтатып, қолымды қайырып, пышақты алып алған кездегі, мен еденде отырып, Бақытжанға: "Егер маған бірдеңе болса, ата-анама, Назымға айт, маған бірдеңе бола қалса, балаларыма қарасын" дедім", - деді Қуандық Бишімбаев.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталған болатын.
Содан бері бірнеше рет өткен сот отырысында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты деректер айтылды. Алайда Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге Бишімбаевтың туыс інісі, "Гастро орталық" директоры Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деген күдікпен ұсталған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086607-barlyq-sotym-bagaly-zattar-nazym-men-balalarga-sotta-bisimbaevtyn-osieti-turaly-aityldy/