Нүкенова қайтыс болған түні Бишімбаев есікті штативпен 25 рет ұрғаны белгілі болды
Жарияланған күні:
Бүгінгі сот отырысында судья Салтанат Нүкенованы өлтірді деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтан неліктен есікті штативпен ұрғанын сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сот отырысында прокурор Салтанат Нүкенова қайтыс болған түні сотталушы Бишімбаев есікті 25 рет ұрған штативті көрсетті.
"Мына металл заттың қаншалықты үлкен екенін қараңыздаршы. Жеңіл емес, зілдей. Салмағы бар. Сарапшының қорытындысы бойынша, осы штативпен 25 рет ұрып есікке тесік жасалған. Біріншіден, мұны қандай күшпен көтеру керек болды. Екіншіден, есікті күшпен ұру керек болған", - деді прокурор.
Сол кезде судья бұған дейін айыпталушы Байжанов есікті сырттан ашуға болатынын айтқанын еске алды.
"Бишімбаев, сіз ашуға болатынын білген жоқсыз ба? Штативпен 25 рет ұрудың не қажеті болды?", - деп сұрады судья.
Бұған Бишімбаев білмегенін айтып, жауап берді.
"Қазір еуропалық стандарттар бойынша барлық есіктер сырттан ашылады", - деді сотталушы Байжанов.
Бұл жауапқа Бишімбаев бұл есіктерге тапсырыс бермегенін, Байжанов жасатқанын айтты.
Айта кетейік, 10 сәуірде өткен сот отырысында Нүкенова қайтыс болған жерде түсірілген фотосуреттер көрсетілген еді. Ол суреттердің арасынан тесілген есікті, қан жаңылған майлық пен пердені, едендегі қан дақтарын, жұлынған шашты, сынған сағатты көруге болады.
Еске салсақ, Қуандық Бишімбаевқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталған болатын.
Содан бері бірнеше рет өткен сот отырысында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты деректер айтылды. Алайда Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге Бишімбаевтың туыс інісі, "Гастро орталық" директоры Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деген күдікпен ұсталған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086589-bisimbaev-nukenova-qaitys-bolgan-tuni-esikti-stativpen-25-ret-urgany-belgili-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.