Бишімбаев пен Байжанов сотта тағылған айыптар бойынша кінәсін мойындамады
Жарияланған күні:
Бүгінгі сот отырысында Бишімбаев пен Байжановқа "Тағылған айыптарды мойындайсыздар ма?" деген сұрақ қойылды. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сот тергеуін аяқтамас бұрын сот сотталушылардың ұстанымын анықтау қажет деп санады. Бишімбаевқа "Екі бап бойынша кінәңізді мойындайсыз ба?" деген сұрақ қойылды.
"Менің ұстанымым – қинау бабы бойынша кінәмді мойындамаймын. Екінші эпизодтың бір бөлігінде аса қатыгездікпен қасақана кісі өлтірді деген айыптауға келсек, ұрып-соққанымды, ол Нүкенованың өліміне әкеп соқтырғанын мойындаймын.
Бірақ мен мұны әдейі істегенімді, оның өлгенін қалағанымды, оны сондай қатыгездікпен істегенімді мойындамаймын. Арамызда жанжал болды, оны ұрдым... Нүкенованы ұрып-соққаныма өзімді кінәлі санаймын, ол бассүйек-ми зақымын тудырып, содан қаза тапты", - деп жауап берді Бишімбаев.
Нәтижесінде Бишімбаев Нүкенованы қасақана аса қатыгездікпен өлтірді деген айыппен келіспеді. Бірақ ауыр дене жарақатын салғанын, ол абайсызда кісі өліміне әкеп соқтырғанын мойындады.
Сотталушы Байжановқа да осы сұрақ қойылды. Ол тағылған айыптар бойынша кінсәсін мойындамады.
"Жасыруға келетін болсақ, мен ештеңені жасырған жоқпын, ондай ойым болған жоқ. Маған Бишімбаев жазды, соны істедім, ол жерде не болғанын білген жоқпын, жазбаларды көрген жоқпын. Жасыру бойынша кінәмді мойындамаймын.
Хабарламау бойынша, білген бойда жедел жәрдемге хабарластым (...), Мен мойындамаймын, бірақ мен кінәлімін, алдын ала жедел жәрдем шақыруға болатын еді, соған кінәлімін. Тағылған айыптар бойынша кінәмді мойындамаймын", - деді Байжанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2090546-bishimbaev-pen-baizhanov-sotta-tagylgan-aiyptar-boiynsha-kinasin-moiyndamady/